Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелдерге көлік тізгіндеуге тыйым салу керек": Көкшетаудағы жол апатынан кейін әйел жүргізушілерге қатысты пікірталас қызды

Көлік әйелді қағып өлтірді

Фото: Видеодан скриншот

Көкшетауда жол талғамайтын көлік 52 жастағы әйелді қағып мерт қылғаннан кейін бұл қайғылы оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция мәліметінше, күдікті әйел ешқашан автомектепте оқымаған және оның жүргізуші куәлігі болмаған. Сонымен қатар көлік иесі – күдіктінің күйеуіне қатысты да жеке іс қозғалған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік тізгінін сеніп тапсырған.

Дегенмен қоғамның бір бөлігі жауапсыздық, жол қауіпсіздігі, көлік басқаруға рұқсат беру тәртібі туралы емес, оқиғаны гендерлік сипатта талқылап кетті. Қазақстандықтардың назарын апаттың мән-жайы емес, көлік тізгінінде әйел адамның отырғаны аударды. Желіде “әйелдерге көлік жүргізуге болмайды”, “әйелдерге рөлде орын жоқ” деген сарындағы пікірлер көбейді.

“Қазақстан бойынша әйелдерге көлік тізгіндеуге тыйым салу керек”, “Әйел адамның рөлге отыруына қарсымын”, “Әйелдер, жүрмейтін жерде жүресіңдер, жүретін жерде жүрмей күйдіресіңдер. Неге соншалықты ақымақ болып қаласыңдар?” – деп жазған олар. 

Көкшетауда көлік әйелді қағып өлтірді

“Жалпы әйел адамға механика үйренбей, рөлге отырмау керек. Жүргізуші куәлігін де ұстатпау керек. Бала да ойнап отырып көлік айдай алады”, “Жалпы, осы әйел қауымның көлік жүргізгендерінен қорқамын. Жүретін жерде жүрмей, жүрмейтін жерде жүреді. Артында отырып жүйкең жұқарады”, – деп жазған олар.

Көкшетауда көлік әйелді қағып өлтірді

“Осы әйелдер неге көлік жүргізуге жағаласады байымен алысып? Осындай әйелдер бәле болды. Бір отбасыны еңіретіп кетті. Осындай құтырған әйел көп”, “Әйелдерге неге көлік айдатасыңдар? Отырсын үйде”, “Жалпы, әйелдерді көлік тізгіндеу құқығынан айыру керек. Бүкіл жол апаты осылардың кесірінен болады негізі”, “Осы әйелдерге көлік айдауға шектеу қою керек”, “Әйелдерден жүргізуші куәлігін алып қою керек”, – деп жазған олар.

Көкшетауда көлік әйелді қағып өлтірді

Алайда мұндай пікірге келіспейтіндер де баршылық. 

“Ер адамдар жол апатына мүлде түспейтіндей айтып тұрсыздар ғой”, “Бұл жерде әйел кінәлі емес, адам кінәлі. Көлікті жақсы немесе нашар жүргізетін белгілі бір жыныс болмайды. Статистикаға сүйенсек, жол апатына ер адамдар көбірек түседі. Оның үстіне, сол ер адамдардың өзі көбіне әйел жүргізген көлікті сатып алуға көбірек ниетті болады. Мен мұнымен әйелдер көлікті жақсы жүргізеді дегім келмейді. Ешкім ешкімнен артық та, кем де емес. Бәрі адамның өзіне байланысты”, – деп жазды олар.

Ал Айзере есімді қолданушының айтуынша, жол апаты жылдамдықты асырғаннан, тәжірибенің жоғынан, жол ережесін сақтамағаннан, мас күйде көлік жүргізгеннен, шаршаудан немесе адам салғырттығынан болады.

“Мұның бәрі рөлде ер адам отыр ма, әйел адам отыр ма – оған қарамайды. Мұнда көлік жүргізуге жауапсыз қараған адам кінәлі, оның жынысы емес”, – деп жазды ол.

Ол “неге екені белгісіз, әйел адам қателік жасаса, кейбіреулер бірден барлық әйелге қатысты қорытынды шығарады” деп таңданды.

“Ал адам өліміне әкеп соққан жол апатын ер адам жасаса, ешкім “барлық ер адамға көлік жүргізуге тыйым салу керек” демейді. Бұл – қос стандарт”, – деп жазды ол.

Сондай-ақ қолданушы статистика мәліметтерін келтірді. Оның сөзінше, қазақстандағы сақтандыру компаниялары мен жол апаттарына қатысты сараптамаларға сүйенсек, ер адамдар әйелдерге қарағанда жол апатына едәуір жиі түседі. Кейбір зерттеулерде бұл көрсеткіш 4 есе жоғары екені айтылады.

“Мәселе рөлдегі әйелдерде емес. Мәселе – жүргізуші куәлігін сатып алуда, жол ережесін бұзуда, агрессивті көлік жүргізуде және жауапсыздықта. Мұндай әрекет үшін жынысына қарамай, бәрі бірдей жауап беруі керек”, – деп жазды ол.

Ұлттық зерттеу университетінің ғалымдары жүргізушінің жынысы оның жолдағы мінез-құлқына және апатқа ұшырау ықтималдығына қаншалық әсер ететінін зерттеді.

Зерттеу нәтижелері “Билік социологиясы” ғылыми журналында жарияланған. Авторлардың айтуынша, қоғамда “әйелдер көлікті ер адамдарға қарағанда нашар жүргізеді” деген стереотип бар.

Бұл пікірді тексеру үшін ғалымдар 2010-2022 жылдар аралығында жол ережесін бұзу бойынша шыққан 160 мыңға жуық сот шешімін талдаған. Нәтижесінде мұндай істердің 90%-дан астамында жауапкер ер адамдар болғаны анықталды.

Жүргізушілер арасындағы гендерлік айырмашылық ескерілгеннен кейін де, ер адамдар қылмыстық іс қозғалатын жол апаттарына әйелдерге қарағанда 3,25 есе жиі түсетіні белгілі болды.

Ғалымдардың пікірінше, ер адамдар көбіне жылдамдықты асырып, жолда агрессивті мінез танытады. Сондай-ақ олар мас күйде көлік тізгіндеуге екі есе жиі барады.

Зерттеу деректеріне сүйенсек, адам өліміне немесе ауыр жарақатқа әкеп соққан жол апаттарының 75%-ына ер адамдар кінәлі.

Мән-жайы 

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда тұрғын үйдің автотұрағына кіреберіс жерде әйелді көлік қағып, оқиға орнында көз жұмған еді.

Ақмола облысы полиция департаменті мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады полиция.

Белгілі болғандай, марқұм 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келген. Артында қызы жалғыз қалды.

Бүгінде Ақмола облысының полиция департаменті 52 жастағы әйелдің өліміне байланысты екі қылмыстық іс қозғады.

“Жол апаты кезінде көлік тізгінінде отырған әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны және арнайы оқудан өтпегені анықталды. Осыған байланысты полиция адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр”, – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Сондай-ақ ведомство көлік иесі, яғни әйелдің жұбайына қатысты да жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат бергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

11 мамырда күдікті үйқамаққа алынды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 12 Мамыр, 2026 18:35