Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

апат
Фото: Алматы полиция департаменті

Алматы қаласының прокуратурасы Әл-Фараби даңғылында болған, үш адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасына қатысты тергеудің жаңа дерегін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокуратура жоол апаты бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатқанын хабарлады. Іс Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі (Алкогольдік масаң күйде жол қозғалысы қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу) бойынша сараланған.

Бұған дейін іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі (Жол қозғалысы қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу) бойынша қаралған. Бұл бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға дейін айыру жазасы көзделген.

Прокуратура мәліметінше, қылмыстық іс аясында оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Сонымен қатар тиісті сот сараптамалары тағайындалып, орындалып жатыр.

Тағы бір қылмыстық іс қозғалған

Негізгі іспен қатар, полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне байланысты екінші қылмыстық іс те тергеліп жатыр. 

Еске салайық, 26 наурызда Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Алматы қаласы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.

Сонымен қатар прокуратура өзге де кінәлі лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

“Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті бөлімшелер кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қабылдады”, – делінген хабарламада. 

Алайда нақты есімдер аталмады. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда болған жол апатында бірнеше адам қаза тапты. Кейін апатқа кінәлі жүргізушінің Zeekr көлігін басқарғаны және жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, полиция департаментінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды.

Дегенмен қоғамда резонанс тудырған істен соң Ішкі істер министрлігі Ержан Сәденов лауазымы, байланыстарына қарамай кінәлілер жазадан құтыла алмайтынын мәлімдеді. 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 03 Мамыр, 2026 13:09