Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы гидроцикл апаттары: Су көліктеріне қатысты жауапкершілік неге күшеймей отыр

гидроцикл
Фото: Видеодан скрин

Жаз басталысымен адамдар көлдер мен жағажайларға демалуды таңдайды. Десе де суға түсу әркез қауіпсіз бола бермейді. Соңғы кездері желіде гидроциклдерге қатысты оқыс оқиғалар жиі айтылып жүр. Мәселен, бір өңірде гидроцикл адамдар мінген үрлемелі диванға соғылса, енді бірі суда жүрген демалушылардың дәл жанынан бар жылдамдықпен өткен. Осыған орай Stan.kz мамандардан гидроциклдерге қатысты қауіпсіздік талаптарын сұрады.

Қапшағайда әйел отырған үрлемелі диванға гидроцикл жылдамдықпен келіп, соғылған. 

“Жігіттер, Қапшағайда әпкем зардап шекті. Үрлемелі диванға мініп жүргенде гидроцикл келіп соқты. Өзім ол күні болған жоқпын. Ақпарат іздеп жүрмін. Кімде-кім көрген болса немесе қандай да бір мәлімет білсе, хабарласуларыңызды сұраймын”, – деп жазды ол.

Десе де адамдарға қауіп тудырған азаматтан сол күйі хабар болмады.

Ал енді бір жағдай Балқашта болған. Жағажайға демалуға барған азамат гидроциклдердің адамдарға тым жақын әрі жоғары жылдамдықпен жүргенін айтты. 

жағажай
Фото: Threads yupip79

Оның айтуынша, жағажайда балалар мен ересектер көп болғанына қарамастан, су көліктері бірнеше рет адамдардың дәл маңынан өткен. Жағдайға куә болған азамат алдымен Төтенше жағдайлар министрлігіне жүгінген. Сосын құтқарушылар жедел әрекет етіп, гидроцикл иелеріне ескерту жасаған.

“Полицияға екі рет – 13:59 және 14:46-да хабарластым. Десе де олар ұзақ уақыт келмеді. Қарағанды облысы полиция департаментінің кезекші бөліміне хабарласқан соң ғана сағат 18:10-да оқиға орнына жетті. Десе де гидроцикл иесі мені полиция және төтеншеліктердің көзінше қорқытты. "Жүр, былай шығайық, сонда көресің...Сені ұйықтатып жіберемін", деп айтты. Бұл сөздерді маған жасалған қоқан-лоқы деп есептеймін”, - деді демалушы. 

Оның айтуынша, қоқан-лоқы жасаған адамның сөздері Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерінің бейнетіркегішіне жазылып қалған. Алайда оның арызы бойынша іс қозғалмай, материал қараусыз қалған. 

Ол бұл жағдайға құзырлы органдар заң аясында тиісті баға беретініне үмітін білдірді. 

70 жастағы қария аяғынан айырылды

Осы шілде айында Алакөлдегі Көктұма ауылында паром кері жүрген сәтте 70 жастағы әйелді қағып кеткен. Бұл жайтқа бірнеше адам куә болған. Зардап шеккен әйелге жағажайда алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жеткізілген.

гидроцикл
Фото: Видеодан скрин

Кейін Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы әйелдің ауруханаға аса ауыр жағдайда түскенін мәлімдеді. Дәрігерлер оған көп мөлшерде қан жоғалту мен травмалық шок диагнозын қойған. Шұғыл операция барысында дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін екі аяғын да жамбас деңгейінен кесуге мәжбүр болған.

Осы оқиғадан кейін блогер демалушыларға паром қозғалып тұрған кезде оның артқы жағына жақындамауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Төтеншеліктер не дейді?

Аталған жағдайлардан кейін Stan.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінен гидроциклдерге бақылаудың қалай күшейгенін сұрады.

Биыл 1 шілдеден бастап Төтенше жағдайлар министрлігі шағын көлемді кемелерді пайдалануды бақылауына алған. 

“1-29 шілде аралығында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 459 әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 580, 582, 583 және 584-баптары бойынша құқық бұзушыларға жалпы 5,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды”, – делінген жауапта. 

Министрлік мәліметінше, шомылу маусымы басталар алдында өңірлерде кеме иелерімен кездесулер өткен. Оған көлік бақылау инспекцияларының, көлік прокуратурасының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан.

“Кездесу барысында су айдындарындағы қауіпсіздік, шомылу маусымына дайындық және шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде заң талаптарын сақтау мәселелері түсіндірілді. Қазір өңірлік департаменттер тұрақты түрде рейдтер өткізіп, акваторияларды тексеріп, профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр”, – деді министрлік.

Министрлік мәліметінше, қазір еліміз бойынша 540 қызметкер мен 194 жүзу құралы судағы қауіпсіздікті бақылауға жұмылдырылған.

Инспекторлар гидроциклді тоқтата ала ма?

Министрлік мәліметінше, егер гидроцикл немесе басқа шағын су көлігі адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, инспекторлар оны тоқтатуға және пайдалануға тыйым салуға құқылы.

“Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында қуаты 70-тен 450 ат күшіне дейінгі қызметтік катерлер бар. Олар гидроциклдерді қуып жетуге, тоқтатуға және заңда көзделген шараларды қолдануға мүмкіндік береді”, – деді министрлік.

Бір айда қанша гидроцикл айып тұрағына қойылды?

Министрлік 1-29 шілде аралығында судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 21 кеме иесіне шара қолданған. 

“Нәтижесінде 21 шағын көлемді кеме арнайы айып тұрағына қойылды. Оның 10-ы – гидроцикл, қалған 11-і – басқа шағын жүзу құралдары”, – делінген жауапта.

Министрлік гидроциклді жүргізуге құқығы жоқ адамға басқаруға берген иесі де жауапқа тартылатынын ескертті.

“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 582-бабының 2-бөлігіне сәйкес, гидроциклді жүргізуге құқығы жоқ адамға бергені үшін 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған”, – деді министрлік.

Министрлік әзірге гидроцикл иелеріне салынатын айыппұлды көбейту немесе техниканы міндетті түрде тәркілеу мәселесі қаралып жатқан жоқ дейді. 

“Қазір профилактикаға және бақылауды күшейтуге ден қойдық. Шомылу маусымы аяқталған соң атқарылған жұмыстарға талдау жасалып, қажет болса жауапкершілікті күшейту мәселесі қаралады”, – делінген жауапта. 

Гидроцикл бизнесіндегі заңсыздықты қалай тоқтатуға болады?

Заңгер Ғабит Өмірбектің айтуынша, қазіргі айыппұл көлемі гидроциклді заңсыз жалға беретін кәсіпкерлерді тоқтатуға жеткіліксіз. Себебі олардың кейбірі айыппұлды төлеп, жұмысын еш кедергісіз жалғастыра береді. 

“2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге. Демек жалға берушілердің төлейтін айыппұлы 10 АЕК, яғни 43 250 теңге ғана. Ал гидроциклді 15 минутқа жалға беру құны шамамен 15 мың теңге. Бұл аз ғана айыппұл бірнеше бірнеше клиенттен түскен табыспен-ақ жабылады деген сөз”, – дейді заңгер.

Заңгердің сөзінше, қолданыстағы заң жүйесі қауіпсіздік талаптарын бұзудың алдын алуға қауқарсыз.

“Қазір кәсіпкерлер нақты зардап келтіргені үшін емес, қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін ғана әкімшілік жауапқа тартылады. Ал айыппұл көлемі аз болғандықтан, олардың көбі қауіпсіздік талаптарын сақтаудан гөрі айыппұл төлегенді тиімді көреді”, – дейді Ғабит Өмірбек.

Ғабит Өмірбектің айтуынша, адам қаза тапқан жағдайда жауапкершілік гидроцикл жүргізушісіне ғана жүктелмеуі мүмкін. 

“Егер ұйымдастырушы гидроциклді жүргізу құқығы жоқ адамға берсе, қауіпсіздік нұсқамасын өткізбесе немесе құтқару кеудешесін ұсынбаса, оның әрекеті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда жалға беру орнын ұйымдастырушыны да қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Бірақ ол автоматты түрде болмайды. Тергеу оның әрекеті мен адамның қазасы арасындағы себеп-салдарлық байланысты дәлелдеуі керек”, – деді Ғабит Өмірбек.

Заңгер Ғабит Өмірбектің айтуынша, гидроцикл иесінің техниканы досына тегін бергені туралы мәлімдемесі оның кінәсіз екенін дәлелдемейді. Оның сөзінше, тергеу мұндай уәжді істегі барлық дәлелмен бірге тексеруі тиіс.

“Гидроциклдің коммерциялық мақсатта жалға берілгенін банк аударымдары, WhatsApp пен Telegram-дағы хат алмасулар, әлеуметтік желідегі жарнамалар, куәгерлердің айғақтары мен бейнебақылау жазбалары арқылы анықтауға болады. Сонымен бірге тергеу гидроцикл иесі мен “досының” бұрыннан таныс болған-болмағанын, жанармайды кім төлегенін және қауіпсіздік нұсқамасын кім өткізгенін де тексеруі тиіс. Егер күні бойы ондаған адам гидроциклді бірдей уақытқа мініп, жанында ақша қабылдап, кезекті реттеп тұрған адам болса, мұны “досыма тегін бердім” деп түсіндіру қисынға келмейді”, – дейді ол.

Неліктен гидроциклдер сотқа дейін айып тұрағына қойылмайды?

Заңгердің айтуынша, қолданыстағы заңнама гидроциклді арнайы айып тұрағына қоюға мүмкіндік береді. Алайда бұл шара көбіне құқық бұзушылықтың себебі жойылғанға дейін ғана қолданылады.

“Іс жүзінде гидроцикл иесі қажет құжатын көрсетіп немесе жүргізушіні ауыстырып, техниканы қайта алып кете алады. Осыдан кейін оны қайтадан жалға беруге еш кедергі болмайды”, – дейді Ғабит Өмірбек.

Заңгердің сөзінше, егер оқиға қылмыстық іске ұласса, гидроцикл заттай дәлел ретінде рәсімделіп, қажет болған жағдайда техникалық сараптамаға жіберілуі тиіс. 

“Мәселе заңның жоқтығында емес, оның іс жүзінде толық орындалмауында. Сонымен қатар өрескел немесе қайталанған заң бұзушылықтан кейін гидроциклді пайдалануға ұзақ мерзімге тыйым салатын нақты талап жоқ”, – деді заңгер.

Қандай өзгерістер қажет?

Заңгер Ғабит Өмірбектің айтуынша, гидроциклді заңсыз жалға беру фактілерін азайту үшін ең алдымен жауапкершілікті күшейту қажет. 

“Гидроциклді жүргізу құқығы жоқ адамға, қауіпсіздік нұсқамасын өткізбей немесе құтқару кеудешесін бермей жалға берген кәсіпкерлерге салынатын айыппұл бизнес табысына сай болуы керек. Ол үшін 10-15 АЕК емес, кемінде 100-300 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылып, қайталанса жаза қатаңдатылуы тиіс”, – дейді заңгер.

Ғабит Өмірбектің сөзінше, өрескел заң бұзушылық анықталса, тек айыппұл салумен шектелмей, жалға беру пунктінің жұмысын уақытша тоқтату қажет. Ал заң бұзушылық қайталанса немесе жүйелі сипат алса, оның қызметіне сот шешімімен тыйым салынуы тиіс.

“Жүргізуші куәлігі жоқ адамға берілген, тіркеусіз пайдаланылған немесе шомылуға тыйым салынған аймақта жүрген гидроцикл міндетті түрде арнайы айып тұрағына қойылуы керек. Ал мұндай заң бұзушылық қайталанса, техниканы сот шешімімен тәркілеу мәселесін қарастырған жөн”, – дейді ол.

Заңгердің айтуынша, барлық коммерциялық гидроцикл жалға беру орындары міндетті түрде тіркелуі керек. 

“Барлық коммерциялық гидроцикл жалға беру орындары міндетті түрде тіркелуі керек. Әрбір операторда рұқсат құжаттары, сақтандыру полисі, гидроциклді беру журналы және жүргізуші куәліктерінің көшірмелері болуы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік нұсқамасы бейнежазбаға түсіріліп, GPS бақылау жүйесі орнатылып, жүзу аймағы нақты белгіленуі қажет”, – дейді заңгер.

Заңгердің пікірінше, егер қауіпсіздік талаптары сақталмаған қызмет салдарынан адам ауыр жарақат алса немесе көз жұмса, тергеу тек гидроцикл жүргізушісінің әрекетімен шектелмеуі керек.

“Мұндай жағдайда Қылмыстық кодекстің 306-бабы (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша жалға беру орнын ұйымдастырушының әрекетіне де міндетті түрде құқықтық баға берілуі тиіс. Қауіпті жағдайдан пайда тапқан адам жауапкершіліктен тыс қалмауы керек”, – деді заңгер.  

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 12:38