Астанада шетелдіктерге құжатты заңсыз рәсімдеген ХҚКО қызметкерлері жарты миллиард пайда тапқан
Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері мыңдаған шетелдікке құжаттарды заңсыз рәсімдеген. Тергеу мәліметінше, бұл әрекеттен түскен заңсыз айналым жарты миллиард теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында осы іс бойынша он адамға үкім шықты. Олар мемлекет пен мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыс жасап, заңсыз көші-қон ұйымдастырған және осы әрекеттен пайда тапқан.
Заңсыз схема шетелдік азаматтарға қызмет көрсететін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асқан. Орталыққа келгендердің басым бөлігі Қазақстанда уақытша болуға рұқсат алуға өтініш берген. Ал кейбірі Жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін келген.
Шетелдіктер қажет қызметтерді алу үшін делдалдарға ақша төлеген. Ал делдалдар қаражаттың бір бөлігін және қажет құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне берген.
Бұл схемада Байқоңыр ауданы полиция басқармасының көші-қон қызметінің инспекторы Жауқазын Қорабаева да маңызды рөл атқарған. Ол “Азаматтарға арналған үкімет” қызметкерлеріне қиын жағдайларда көмектесіп отырған. Мысалы, шетел азаматын Қазақстаннан шығару қаупі туындағанда мәселені шешуге араласқан.
Заңсыз схема үш жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оны 2025 жылдың басында анықтаған. Осыдан кейін заңсыз көші-қонға қатысы бар адамдар жауап алуға шақырылып, ұстала бастаған.
Сотта айыпталушылардың басым бөлігі кінәсін мойындаған. Олар бұл жазаны жеңілдетуге әсер етеді деп үміттенген. Алайда сот үкімі жеңіл болмады.
Бұрын полиция қызметкері болған Жауқазын Қорабаева шетелдік жұмысшылардан 12 миллион теңгеден астам ақша алған. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылды.
“Азаматтарға арналған үкімет” қызметкерлері Досымхан Бейсенбаев, Сабира Баймұхамедова және Жадыра Жанабаева пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Әйел сотталушыларға қатысты да жазаны өтеу мерзімі кейінге қалдырылды.
Олардың әріптесі Бақжан Әкім 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Делдал болған Әсел Қуанышева арқылы 193 миллион теңге, Рамид Әмірғали арқылы 196 миллион теңге өткен. Сонымен қатар ол 385 шетел азаматының құжатын рәсімдеуге қатысқан. Ал Орынтай Ташкенова арқылы 117 миллион теңге өтіп, ол 1 272 шетелдікке құжат рәсімдеуге қатысқан. Сот олардың үшеуін де Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлеріне пара бергені үшін кінәлі деп таныды. Алайда олар бас бостандығынан айырылмай, айыппұлмен жазаланды.
Ал полиция капитанына ақша берген Алтынай Әлдібаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Лаура Көпбаева құжаттарды қолдан жасады және бірнеше шетелдікті алдады деген айыппен бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түріне байланысты ескерту жасалғаны туралы жазған едік.
"Біз славян қазақтарымыз": Қазақстандық әке жеті баласына қазақ тілі мен домбыра үйретіп жүр
