"Біз славян қазақтарымыз": Қазақстандық әке жеті баласына қазақ тілі мен домбыра үйретіп жүр
Ақтөбеде орыстілді ортада өскен Роман қазақ тілін есейген шағында үйрене бастаған. Қазір жеті баланың әкесі мемлекеттік тілді өзі меңгеріп қана қоймай, ұл-қыздарын да қазақша сөйлеуге, ұлттық музыка мен әдебиетті тануға баулып жүр. Мамандығы бойынша автослесарь болып еңбек ететін ол Stan.kz тілшісіне қазақ тіліне қалай бет бұрғанын және бұл таңдау отбасының күнделікті өміріне қалай енгенін айтып берді.
Балаларым – өмірімнің мәні
Роман Ақтөбеде туып-өскен және қазір де отбасымен бірге осы қалада тұрады. Көпбалалы әке үшін күнделікті тіршілік те отбасының айналасында өрбиді. Оның әдеттегі күні таңғы жаттығудан басталып, балаларын мектепке жеткізумен жалғасады. Одан кейін жұмысқа кіріссе, кешкі уақытын қайтадан бала-шағасының сабағы мен үйдің шаруасына арнайды.
Осындай қарбалас тіршілік бұл отбасы үшін қалыпты өмір салтына айналған. Өйткені Роман мен жұбайы жеті бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкен қызы 21 жаста, тұрмысқа шығып, бөлек шаңырақ көтерген әрі ата-анасына немере сыйлап үлгерген. Қалған балалары 3, 8, 11, 12, 13 және 14 жаста.
"Балаларым – өмірімнің бір бөлігі емес, өмірімнің мәні. Не үшін өмір сүріп жүргенімді соларға қарап түсінемін. Әрқайсысының бойынан өзімді көретіндіктен, оларды кішкентай кезімдегі өзімді тәрбиелегендей өсіруге тырысамын. Өзіме бұйырмаған мүмкіндіктерді соларға бергім келеді", – дейді Роман.
Әкенің айтып отырған "мүмкіндігі" тек жақсы білім немесе үйірмемен шектелмейді. Балалардың әрқайсысы қызығушылығына қарай өз жолын іздеп жүр. Бірі бокспен айналысса, екіншісі күресті таңдаған. Арасында хорға, музыка мектебіне баратындары, домбыра мен қобыз үйреніп жүргендері де бар.
Жеті баланың сабағы мен үйірмесін қатар алып жүру оңай емес. Сондықтан бұл шаңырақта әр күн алдын ала жоспарланады. Дегенмен Роман балаларына өзі кезінде жете алмаған тағы бір мүмкіндікті – қазақ тілін ерте жастан меңгеретін ортаны беруге ерекше мән беретінін айтады.
@roma_202211 Үйдегі қазақ тілі сабақтарымыздан үзінділер.🇰🇿 Отрывки из наших уроков казахского языка дома.В эфир оказывается нельзя несовершеннолетним😥 #орыстар #казахстан🇰🇿 #актобе04 ♬ оригинальный звук - Roma
Орыстілді ортада өскен Роман қазақ тіліне қалай келді?
Романның балалық шағы Ақтөбенің Шанхай аталып кеткен ауданында өткен. Ол кезде мектепте де, аулада да негізінен орысша сөйлейтін. Қазақ тілін күнделікті естіп, қолданып үйренетін орта болмапты.
"Мен туғаннан орыстілді ортада өстім, сондықтан қазақ тілі өміріме өздігінен енген жоқ. Бірақ бұл тіл менің өмірімде болуы керек екенін түсіндім. Зауытта жұмыс істеп жүрген кезімде курсқа барып, үйренуге талпындым. Ол кезде бәрі әлі жүйеленбеген, оқу материалдары да аз еді. Қанша тырысқаныммен, күнделікті сөйлесетін орта болмаған соң алға жылжу қиынға соқты", – дейді ол.
Алғашқы талпынысынан бері біраз уақыт өтті. Бүгінде Роман қазақша қарапайым әңгімеге араласып, ойын жеткізе алады. Бірақ жеті баланың қамы мен күнделікті жұмыс арасында тұрақты түрде тіл курсына қатысуға мүмкіндік үнемі бола бермейді.
@roma_202211 Ну вот и пришло время,все кто хотел уехать уехали.. Среди .У каждого был выбор и мы все его сделали.Те кто остался уже новая ветка этноса - Русские Казахи. Нам повезло жить на стыке двух культур,выбрать лучшее их них и воспитать в наших детях.Это уникальная возможность которая нам дана. Мы остаёмся дома навсегда.🔥 #русскиеказахи #мояродинаказахстан ♬ оригинальный звук - Roma
Ол кезінде өзіне жетіспеген құралдардың қазір әлдеқайда көбейгенін байқайтынын айтады. Сондықтан тілді меңгеруді аяқталған міндет емес, әлі жалғасып жатқан үдеріс деп қабылдайды екен.
"Қазір тілді үйренемін деген адамға мүмкіндік көп. Тегін курс та, әдебиет те, YouTube-тағы сабақтар да бар. Қазақтілді орта да біртіндеп күнделікті өмірімізге еніп келеді. Ендігі нәтиже адамның ниеті мен тұрақтылығына байланысты. Өзім әлі де үйреніп жүрмін және бұл жолдың ұзақ болатынын түсінемін", – дейді ол.

Балалары үшін курс ашуға талпынған
Бір кезде Роман балаларға арналған тегін қазақ тілі курсын ұйымдастырып көруге шешім қабылдайды. Әлеуметтік желідегі парақшалар мен қалалық топтарға хабарландыру таратып, ата-аналарды балаларын сабаққа қатыстыруға шақырған.
Оның ұсынысына бірнеше мұғалім үн қосып, ақысыз сабақ беруге дайын екенін жеткізеді. Бастама осылайша ұстазын да тапқан.
"Мұғалімдер менің ұсынысымды қолдап, балаларға тегін сабақ беруге келісті. Бірақ алғашқы қызығушылық ұзаққа созылмай, қатысушылар біртіндеп азая бастады. Соңында менің балаларым ғана қалды. Ұстаздардың алдында ыңғайсыздандым, өйткені бүкіл қаладағы балалар үшін бастаған ісімді өз отбасыма ғана ұйымдастырғандай болып көрінді. Содан кейін оларды әуреге салмай, балаларыммен үйде өзім айналысайын деген шешім қабылдадым", – дейді Роман.
Бұл тәжірибе оның тіл үйретуге деген көзқарасын да өзгерткен. Бұған дейін мәселенің шешімін курс пен мұғалімнен іздесе, кейін баланың тілдік дағдысы сабақ біткен жерде тоқтап қалмауы керегін түсінген.
"Баланы курсқа әкеліп отырғызып, өзің кетіп қалумен мәселе шешілмейді. Ешбір мұғалім ата-ананың орнын толық баса алмайды. Үйде күн сайын бір-екі сағат бірге айналысып, өткен сабақты қайталап отырмасаңыз, нәтиже баяулайды. Тіпті бір ай үзіліс жасаудың өзі оған дейінгі еңбекті жоққа шығаруы мүмкін. Қазақ тілін үйрету ең алдымен отбасынан басталуы тиіс", – дейді ол.
Демалыста отбасы болып қазақша оқиды
Алайда жеті баласы бар отбасында бұл қағиданы күн сайын орындау да оңай емес. Балалардың тілді қабылдауы әртүрлі. Бірі жаңа сөзді тез қағып алса, екіншісі сөйлем құрауға қиналады. Кейбірінің қазақша сөйлегенінде акцент байқалмайды, бір баласы тіпті орыс тілінде нашарлау сөйлейді. Ал 14 жастағы қызы қазақ тілін жақсы білгенімен, қазір оған еркін сөйлесу дағдысын шыңдайтын орта жетіспейді екен.
Осы айырмашылық Романға балалардан бірдей нәтиже талап етудің дұрыс еместігін де көрсеткен. Сондықтан оның басты талабы – қазақ тілін кезекті міндетке айналдырмай, күнделікті өмірде қажет болатын тіл ретінде қабылдату.
@roma_202211 Мұны тек бізді көптен бері білетіндер ғана түсінеді))) Үйдегі тыныш кеш. Біз қазақ тілін үйреніп жатырмыз. 🇰🇿🔥
♬ оригинальный звук - Roma
Бірақ жұмыс күндері оған арнайы уақыт табу қиын соғады екен. Балалар таңертең жаттығуға, хорға немесе музыка мектебіне барып, одан кейін негізгі сабағына кіріседі. Үйге кешкі жетілер шамасында келгенде алдарында тағы мектеп тапсырмасы тұрады. Сол себепті отбасының қазақ тіліне арнайы бөлетін уақыты көбіне демалыс күндеріне қалады.
"Жұмыс күндері балалардың бос уақыты өте аз. Сол себепті сенбі-жексенбіде асықпай отырып, бейнесабақтарды бірге көреміз. Түсінбеген жерімізді қайта тыңдап, жаңа сөздерді дәптерге жазып аламыз. Бұл жерде мен мұғалім емеспін, балаларыммен қатар үйреніп жүрген адаммын. Бірге оқығандықтан, олардың қай тұста қиналатынын да жақсырақ түсіне бастадым", – дейді көпбалалы әке.
Үйдегі бұл оқу тек бейнесабақпен бітпейді. Мәселен, балаларының бірі мектепке арналған оқырман күнделігін қазақ тілінде жүргізеді екен. Роман оған оқыған кітабын дауыстап оқып көруді ұсынғанын айтады. Әкесінің байқауынша, бала сөзді көзімен көріп қана қоймай, дауыстап айтқан кезде жаңа сөзді есте сақтауға әрі қазақ тіліне тән дыбыстарға жаттығуға мүмкіндік алады.
Осындай күнделікті тәжірибелерден кейін Роман тіл үйретуді тек үйдің немесе мектептің ішіндегі мәселе деп қарамайды. Оның ойынша, бала тілді неғұрлым ерте және табиғи ортада естісе, кейін оны қолдану да соншалық оңай болмақ. Сондықтан бұл ортаны балабақша кезінен қалыптастыру қажет деген пікірге келген.
"Қазақ тіліндегі балабақшалар тегін әрі қолжетімді болса, оған қарсы шығатын ата-ана көп болмайды деп ойлаймын. Бірақ ғимарат ашумен ғана мәселе шешілмейді, балаға сапалы тәрбие беретін маман керек. Қазір балабақшаға да, мектепке де педагог жетіспейді. Сондықтан қазақша білім беретін тәрбиешілер мен мұғалімдерді көбейту маңызды", – дейді Роман.
Яғни ол үшін тілдік орта тек қазақша сөйлейтін адамдар санымен өлшенбейді. Баланың сол тіл арқылы кітап оқуы, ән тыңдауы, ұлттық аспапты танып, мәдениетті ішінен сезінуі де маңызды. Осы тұста отбасының тағы бір таңдауы – домбыра мен қобызға деген қызығушылықтың мәні ашылады.

Домбыра мен қобыз да тіл үйренудің бір бөлігі
Роман қазақ тілін меңгеруде сөз жаттап, грамматикалық ережені білумен ғана шектемелмейді. Тілдің артында сол елдің тарихы, әдебиеті, музыкасы мен тұрмыс-тіршілігі тұрғанын балаларына да көрсеткісі келеді.
"Олар Қазақстанда өмір сүріп жатыр, сондықтан осы елдің мәдениетін танып өсуі керек. Қазақтың музыкасын, әдебиетін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмесе, туған елін толық тани алмайды. Ұлттық аспаптарды таңдауымыздың бір себебі де осында. Балаларым бұл мәдениетті сырттан бақылаушы ретінде емес, өз өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдаса деймін", – дейді ол.
Бұл ойдың Роман үшін жеке мәні де бар. Оның әулетінде орыс, чех және өзге де ұлт өкілдері болуы мүмкін. Бірақ өзі де, балалары да Қазақстанда туып-өскендіктен, туған жермен байланысын этностық тегінен бөліп қарамайды.
Сондықтан ол Қазақстанда туып-өскен славяндарды кейде "славян қазақтары" деп атауға болар еді деген пікір айтады. Роман бұл сөзбен адамның ұлтын өзгерту туралы емес, туған жеріне деген байланысын жеткізгісі келетінін түсіндіреді.
"Түріміз басқа болғанымен, біз де осы жердің ауасын жұтып, осы қалалар мен ауылдардың арасында өстік. Туыстарымыздың көбі басқа жаққа көшіп кеткен шығар, бірақ біздің туған жеріміз өзгерген жоқ. Қазақстан біз үшін жай ғана тұратын мекен емес. Сондықтан өзімді бұл елге бөтен адам ретінде қабылдай алмаймын", – дейді ол.
Осы ұстаным отбасының ішінде ғана қалып қойған жоқ. Роман балаларының қазақша үйренгенін, ұлттық аспаптарда ойнағанын әлеуметтік желіде де көрсетіп жүр.

Әлеуметтік желідегі қолдау балаларға жігер берген
Роман TikTok желісіндегі парақшасына отбасының күнделікті өмірінен қызықты сәттерді жариялап тұрады. Соның ішінде балалардың қазақ тілін үйренуі мен ұлттық аспаптарда ойнаған видеолары да бар.
@roma_202211 Жаттығу кезіндегі "музыкалық үзіліс"🇰🇿😊@Orak_boxing_kz @Азамат Наурзбаев ♬ оригинальный звук - Roma
Алғашқы жазбалардан-ақ желі қолданушылары балаларға жылы пікір қалдырып, олардың талабына ерекше қолдау білдірген. Романның байқауынша, сырттан келген осындай қарапайым қолдаудың өзі балалардың өз еңбегіне басқаша қарауына әсер еткен. Кейін балалары қазақ тілін үйренуді тек әкесінің талабы ретінде емес, көпшілік байқап отырған өз жетістігі ретінде қабылдай бастайды.
"Жұрт балаларды мақтап, жылы пікір жазғанда олардың ынтасы қатты артты. Өздерін қолдап отырған адамдарды жерге қаратпау керек екенін сезінді.
Қазақ тілін жақсырақ үйреніп, білгенін көрсетуге талпынды. Кейде баланың еңбегін байқап, бір ауыз жылы сөз айтудың өзі оған үлкен күш береді екен", – дейді әкесі.
Дегенмен көпбалалы отбасының әлеуметтік желідегі белсенділігінің мақсаты танымал болу немесе табыс табу емес. Отбасы тікелей эфирге шығып, көрермендерден ақша сұрамайды. Роман үшін парақша – балалардың еңбегін көрсететін және сол еңбектің бағаланатынын сездіретін алаң.
"Жаңа буын арқылы көп нәрсені өзгертуге болады"
Романның қазақ тіліне, мәдениетке және балалардың тәрбиесіне қатысты айтқан ойлары түптеп келгенде бір мәселеге келіп тіреледі – жаңа ұрпақ өзін қай елмен байланыстырады және сол елдің болашағындағы орнын қалай түсінеді?
Ол баланың көзінше елдегі жағдайды тек жағымсыз қырынан талқылай берудің де салдары бар деп есептейді. Бұл қоғамдағы мәселені жасыру керек дегенді білдірмейді. Оның айтпағы – бала сын айтуды ғана емес, өзі өмір сүретін ортаға жауапкершілікпен қарауды да үйренуі керек.
"Біз жаңа буын арқылы көп нәрсені өзгерте аламыз. Балалар Қазақстанды жақсы көріп, осы елдің дамуына өз үлесін қоса алатынын сезініп өсуі тиіс. Үлкендер билікті де, тұрмысты да сынай береді, бірақ баланың алдына тек жағымсыз дүниені жайып салу дұрыс емес. Оларға жақсыны да көрсетіп, елдің болашағы өздеріне байланысты екенін түсіндіруіміз керек. Сонда ғана білімді, саналы әрі отаншыл ұрпақ қалыптасады", – дейді Роман.
Яғни көпбалалы әкенің арманы – балалары өз Отанының тілінде сөйлеп, ұлттық салт-дәстүрі мен музыкасын танып өссе дейді. Оның ойынша, бала туған елінің тілі мен мәдениетін бойына сіңіргенде ғана өзін осы қоғамның бір бөлігі ретінде сезініп, өмірдегі өз жолын саналы түрде таңдай алады. Роман үшін бұл – тек тіл үйрету емес, баланың елге деген байланысын қалыптастыру болмақ.
"Біз славян қазақтарымыз": Қазақстандық әке жеті баласына қазақ тілі мен домбыра үйретіп жүр