Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды
Шымкентте әйелін соққыға жыққан ер адам сот шешімімен 25 күнге қамауға алынды. Бұған дейін ол әйелін бір емес, бірнеше рет соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Шымкент қалалық соты ер адамды Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігімен (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) айыпталған. Редакциямыз Шымкент қалалық сотына осы оқиға бойынша, соттың мән-жайын сұраған еді. Сот мәліметінше, оқиға 16 қыркүйек күні болған. Көліктің ішінде үйіне қайтып бара жатқан отбасында өз ара дау туындап, бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрған сәтті пайдаланып, әйелге бір рет соққы жасаған. Кейін айыпталушының кінәсі толыққанды дәлелденді және ол өз айыбын мойындады.
“Прокурор сотталушыны 25 тәулік мерзімге қамауға алуды сұрады. Жәбірленуші тарап айыпталушыны кешірмейтінін мәлімдеп, прокурор сұраған мерзімін қолдады”, – деп жазды Шымкент қалалық соты.
Сот мәліметінше, айыпталушы 3 ай көлемінде жәбірленушімен хат-хабар алмасуға, онымен байланысуға тыйым салынды. Сот өз күшіне әлі енген жоқ.
Жәбірленушінің пікірі
Тілшіміз Шымкент қаласының маңайындағы Шұбарсу ауылына барып Розаның өзімен тілдесті. Оның сөзінше, оқиға болғанша дейін күйеуі оның көзіне шөп салып жүргенін білген. Біле тұра, оған кешіріммен қараған.
“Сол жағдайдан кейін 2-3 күн өткен соң отбасымызбен кешкі асқа баратын болып шештік. Кафенің ішінде отбасылық суретке түсуді ұсынғанымда ол бірден маған “кімге көрсеткің келіп жүр?” деп ашуланып шықты. Соған мен ренжіп, кафеден шығып, көліктің ішінде жылап отырдым. Жарты сағаттан кейін келіп, үйге қарата жүріп кеттік. Жолда үлкен қызым: “Әке, сен менің анамды жақсы көресің бе?” деген сұрақ қойды. Ол оған ашуланып, маған: “балаға не үйретіп отырсың?” деп тағы ашуланды”, – деді Роза.
Розаның айтуынша, содан кейін көліктің ішінде тағы айғау бастаған. Ал Роза көзіне шөп салып жүргенін бетіне басқан, сол сәтте бағдаршамның қызылына тоқтап тұрғанда жұдырықпен ұрған.
“Содан кейін мен өз-өзімді ұста алмай, демім жетпей қысылып қалдым. Ауызымнан қан кетіп жатыр. Қолымдағы баланы өзінің алдына алып алды. Көлікті тоқтатуын сұрап едім, мүлдем тоқтамады. Сол күйі үйге жеттік. Үйге жеткен соң “маған ақша бер, тыныш қана екі жаққа кетейік” дедім. Кейін 102 шақырдым. Полиция қызметкерлері мені алып кетіп, арыз жазғызды. Бірақ бірден жоғары жаққа бірден жібермей, тағы бір ойланып, отбасылық мәселе болған соң өзара шешіп көруімізді сұрады”, – деді Роза.
Роза күйеуінің отбасы да оны аса қатты жақтырмайтынын тілге тиек етті. Сөзінше, “жетімсің” “ешкімің жоқ, 2 баламен қайда бармақшысың” сынды сөздер айтатын.
“Тұрақты жұмысы жоқ. Әкесі екеуі құрылыста жұмыс істейді. Бір істі бастап көруге талай рет ұсыныс жасадым. Талай рет егер мені жақсы көрмесең, онда екі жаққа кетей қояйық деп те айттым. Жоқ, жібермеді. Қанша рет ата-анасы ауыр сөздер айтса да, қанша рет ұрса да бәрі жақсы болып кетер деп сендім. Басқа әйелмен сөйлесіп жүргенін ұстап алсам да, түбі мен жаман болып шықтым. Өзім үшін емес, 2 қызым үшін қалып жүрдім. Қыздарымның әкесіз өскенін қаламадым”, – деді Роза.
Жәбірленуші қазір әлі Шымкент қаласының маңайындағы Шұбаркөл ауылында тұрып жатыр. Еске сала кетейік, бұған дейін Розаның Эльмира есімді әпкесі болған оқиғаның басынан аяқ толыққанды айтып берген болатын.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды