"Балаларының көзінше ұрып, атынан 2 миллион теңге кредит алған": Шымкенттік ер адам әйелін соққыға жықты деп айыпталды
Шымкент қаласының маңайындағы Шұбарсу ауылында ер адам әйелін аяусыз соққыға жығып келді деп айыпталды. Әпкесінің айтуынша, тіпті күйеуі 2 жас пен 7 айлық баланың алдында да оны сабаған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Редакциямызға Эльмира есімді әпкесі сіңілісі Розаның жағдайы толыққанды ақпарат берді. Сөзінше, осы күнге дейін шеккен азабын сіңілісі жасырып келген. Ал оқиғаны Эльмира оқиға болған күні ертесінде хабардар болған.
“Олар кешкі уақытта екі баласын алып кафеге барған. Кафеде сіңілім жанұя болып суретке түсуді ұсынғанда, күйеуі ашуланып, “кімге көрсете алмай жүрсің, не істейсің оны?” деп ұрысқан. Сол жерде сіңілім ренжіп, кафеден шығып, көлікке отырған. Көлікте кетіп бара жатқан кезде жылап отырған сіңіліме бірнеше рет бетінен жұдырықпен ұрған”, – деді әпкесі Эльмира.

Эльмираның сөзінше, Роза күйеуіне бірнеше рет арыз жазса да, кейін оны қайтарып алып отырған. Барлығы жақсы болып, күйеуінің ұруын қоятынына сенген.
“Оның ұрып-соғуы тоқтар емес. Әке-шешесі қайтыс болған, ал ол соны бетіне баса береді. “Сенің әке-шешең жоқ, жетімсің”, “Ақымақсың” сынды өте ауыр сөздер айтқан. Қазір үйден қуып жатыр. Оның атына несие, микрозайм, бөліп төлеу алып тастаған. Жеке кәсіпкер ретінде салығы бар, соны уақыты келгенде төлеймін деп қойып қойған ақшасын да алып алған. Қазір банк шоттарының барлығы бұғатталған”, – деді Розаның әпкесі.

Эльмира Розаны күйеуі бұған дейін де ұрып келгенін айтты. Түсіргенін бейнероликтерді телефонынан өшіріп тастаған. Ал екінші қызын босанғанда, үкіметтен түсетін жәрдемақыны өзі алып кетіп отырған.
“Кеше полицияға барып, арыз жазса, оны қабылдамаған. Бірақ әлеуметтік желіге шыққан ақпараттан кейін ғана арызын қабылдаған”, – деді Эльмира.
Әпкесі қазір Роза әлі де күйеуінің отбасымен бірге тұрып жатқанын мәлімдеді. Сөзінше, ол “ажыраспаймын, кетсем ұят болады” сынды оймен әлі кетпей отыр.
“Маған соңғы жазғанында, “болды, кетемін” деп үзілді-кесілді айтты. Тіпті оған пышақ алып жүгірген кездері де болған екен. Оған қазір біз де қайт деп жатырмыз. Ағалары барып алып кетейін десе, полиция Шымкентте болу керектігін айтты. Ол жақта оның ешкімі жоқ, барлық жақыны Алматы облысында”, – деді әпкесі.
Эльмира күйеубаласының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын қалайды. Оның айтуынша, қазір балалардың қызуы көтеріліп тұр. Алайда оларға дәрі-дәрмек те, үйге азық-түлік те әкелінбейді. Сөзінше, енесі басқа қалада, ал қайын атасы телефон арқылы сөйлескенде келінінің қашан кететінін сұрап, оған тамақ әкелмеуді айтқан.
“Сіңілімнің қайын жұртымен менен де үлкен әпкеміз сөйлескен. Алайда олар “екі жастың ортасындағы реніш қой, уақыт өте басылады” деп жылы қайтарды. Әпкем де қызды қайтарыңыздар десе, “ондай-ондай болып тұрады, ештеңе етпейді” деп жауап берген. Бұған дейін күйеуі бір қызбен сөйлесіп, опасыздық жасаған. Оны сіңілім көріп қойған. Ол кезде де “сен менің телефонымды рұқсатсыз ақтардың” деп тағы ұрады. Денесі көгерген суреттерін күйеуі өшіртіп отырған.”, – деді Эльмира.
“Одан кейін екеуі ұрысып қалып жүрді. Оның барлығын бізге айтпаған, барлығы жақсы болып кететініне сенген. Ажырасқан уақытта да алиментке ақша беріп жүрді, оның өзі 10-15 мың теңгелердің шамасында ғана. Екінші қызын босанған уақытында да оны өзінің атына жаздыртпай, біраз уақыттан кейін барып бір-ақ жаздырған”, – деп сөзін қорытындылады Эльмира.
Шымкент қалалық полиция департаменті Stan.kz тілшісіне Розаның жолдасы қазір уақытша ұстау изоляторында екенін хабарлады.
“Шымкент қаласының полиция қызметкерлері әйел адамға дене жарақатын салды деген күдікпен Түркістан облысының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған оқиғаның 16 қыркүйекте түнгі уақытта Шымкент қаласының аумағында орын алғаны анықталды. Жәбірленушінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп мәлімдеді.
Тергеу барысы Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
"Балаларының көзінше ұрып, атынан 2 миллион теңге кредит алған": Шымкенттік ер адам әйелін соққыға жықты деп айыпталды