Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы мен Астана әлемдегі ең үздік 300 қаланың қатарына енді

қалалар
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанның екі ірі қаласы Oxford Economics әзірлеген Global Cities Index 2026 рейтингі бойынша әлемдегі үздік 300 қаланың қатарына кірді. 1 000 қала қамтылған рейтингте Алматы 265-орынға, ал Астана 281-орынға орналасты. Қазақстандық қалалар әсіресе адам капиталы көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақстанның ірі қалалары Орталық Азиядағы қалалар арасында көш бастады. Сонымен қатар олар посткеңестік кеңістіктегі көптеген ірі қалалардан жоғары орын алды.

Атап айтқанда, Тбилиси – 287, Киев – 304, Мәскеу – 313, Баку – 323, Санкт-Петербург – 454, Бішкек 461-орынға жайғасты. Осылайша, Алматы мен Астана 1000 қаланың ішіндегі рейтингтің үздік үштен біріне енді.

Алматы мен Астана адам капиталы бойынша үздік 100 қала қатарында

Қазақстанның екі қаласы да адам капиталы көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Алматы әлем бойынша 66-орынға, ал Астана 98-орынға орналасты. Қазақстанның екі қаласы Анкара, Варшава, Прага, Таллин және Мәскеу сияқты қалалардың өзін басып озды.

Адам капиталын бағалау кезінде Oxford Economics қаладағы білікті мамандардың саны мен сапасын, білім мен дағды деңгейін, еңбек нарығы жағдайын, білікті кадрларды тарту, дамыту және ұстап қалу мүмкіндігін ескереді.

Экономикалық көрсеткіш бойынша Астана Алматыдан жоғары тұр. Астана бұл санатта 264-орынға, ал Алматы 288-орынға ие болды.

Екі қаланың жалпы көрсеткіші қандай?

Астана қаласы: 

  • Жалпы рейтингте – 281-орын, яғни үздік жартыжылдық көрсеткіштің ішінде;
  • Экономика бойынша – 264-орын;
  • Адам капиталы бойынша – 98-орын, әлемдегі үздік 20% қаланың қатарында;
  • Өмір сүру сапасы бойынша – 360-орын;
  • Қоршаған орта бойынша – 630-орын, төменгі 40% қатарында;
  • Басқару сапасы бойынша – 622-орын, төменгі 40% қатарында.
рейтиң
Фото: Cкрин oxfordeconomic

Алматы қаласы: 

  • Жалпы рейтингте – 265-орын, үздік жартыжылдық көрсеткіштің ішінде;
  • Экономика бойынша – 288-орын;
  • Адам капиталы бойынша – 66-орын, әлемдегі үздік 20% қаланың қатарында;
  • Өмір сүру сапасы бойынша – 269-орын;
  • Қоршаған орта бойынша – 845-орын, төменгі 15% қатарында;
  • Басқару сапасы бойынша – 622-орын, төменгі 40% қатарында.

 

рейтиң
Фото: oxfordeconomic

Oxford Economics тағы қандай көрсеткіштерді ескерді?

Экономика мен адам капиталынан бөлек, Oxford Economics қалалардың өмір сүру сапасын, қоршаған ортасын және басқару деңгейін де бағалайды.

Бес көрсеткіштің әрқайсысы жеке бағаланып, кейін олардың негізінде қалалардың жалпы рейтингі жасалады.

Oxford Economics бұл индексті әлемдегі ірі қалалардың артықшылықтары мен әлсіз тұстарын салыстыруға арналған құрал ретінде сипаттайды. Зерттеуде экономикалық болжамдар мен біріздендірілген сапалық деректер пайдаланылады. Сондықтан рейтинг қалалардың қазіргі жағдайын ғана емес, болашақтағы даму мүмкіндіктерін де ескереді.

Нью-Йорк, Лондон және Париж көш бастап тұр

Global Cities Index 2026 рейтингінің алғашқы үштігіне Нью-Йорк, Лондон және Париж кірді. Олар өткен жылмен салыстырғанда өз орындарын сақтап қалды.

Рейтингке барлығы 1 000 қала енгізілген. Oxford Economics мәліметінше, алғашқы орындардың басым бөлігін әлі де Еуропа мен Солтүстік Америка қалалары иеленіп отыр. Үздік 100 қаланың 78-і осы екі аймаққа тиесілі.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы әлемнің үздік қалалары белгілі болғаны туралы жазған едік. Oxford Economics жариялаған Global Cities Index 2026 рейтингінде Еуропа мен Солтүстік Америка қалалары алғашқы жүздікте басымдыққа ие болған. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 12:11