Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел таңертең терезесінің түбінде сап түзеп, ән айтатын курсанттарға шағымданды

әскери шеру
Фото: @vressene

Астана тұрғыны Анна Носирева Ұлттық қорғаныс университеті курсанттарының таңғы сағаттарда тұрғын үйлердің маңында сап түзеп, бар дауыстарымен ән айтуына шағымданды. Stan.kz тұрғынның шағымынан кейін университет басшылығына хабарласып, жағдайдың анық-қанығын біліп көрді.

Астана тұрғыны Анна Носирева Ұлттық қорғаныс университеті курсанттарының таңғы уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзып жатқанына шағымданды.

Оның айтуынша, күн сайын дерлік таңғы сағат 06:00-08:00 аралығында курсанттар тұрғын үйлердің маңында сап түзеп, бар дауыстарымен ән айтады екен. Көбіне "Атамекен" әнін орындайды дейді елордалық тұрғын. Носиреваның сөзінше, университеттің өз аумағы жеткілікті болғанымен, курсанттар жаттығу кезінде тұрғын үйлердің дәл маңынан өтеді. Әйелдің пікірінше, қарапайым тұрғын музыкасын қатты қойғаны үшін жауапқа тартылса, тұтас бір оқу орнының тұрғындардың тыныштығын күн сайын бұзуына да құқықтық баға берілуі керек.

"Солар міндетті түрде тұрғын үйлердің терезесінің түбінде емес, университеттің басқа аумағында да ән айта алады", – дейді Анна Носирева.

Астаналық тұрғын мәселе бойынша e-Otinish арқылы бірнеше рет шағымданғанын айтты. Алайда алғашқы өтінішінен кейін қызметкерлер хабарласып, арыздың "қате жерге жіберілгенін" айтып, оны қайтарып алуды сұраған.

"e-Otinish арқылы өтініш жазғанмын. Сосын қызметкерлер сөйлесіп, арызды кері қайтарып алуды сұрады. Өйткені, олардың айтуынша, өтініш қате жерге жіберілген екен. Қазір түсініп отырмын, арызды жай ғана жауып тастаған сияқты. Мысалы, әлдекім музыканы әдеттегіден сәл қаттырық қойса, бірден айыппұл салады. Ал Ұлттық қорғаныс университеті тұтас бір ауданның мазасын алса, оған ешкім мән бермейді? Осы жолы өтінішіме нақты жауап пен нақты шешім берілгенін қалаймын. Мекеме мен оған қатысы бар адамдарға әрбір заң бұзу фактісі үшін айыппұл салынсын", – деп Анна Носирева шағымын жазған еді.

Анна Носирева осы жолы мәселе бойынша нақты жауап беріліп, әрбір заң бұзушылық фактісіне тиісті шара қолданылуын талап ететінін айтты.

Астанадағы Ұлттық қорғаныс университеті маңында тұратын тұрғындардың курсанттардың саптық ән айтуына қатысты шағымдарына университет басшысының міндетін атқарушы жауап берді. Оның айтуынша, саптық ән айту әскери тәртіптің қалыпты бөлігі. Мекеме басшылығы тұрғынның шағымын қарап, онымен сөйлескен екен. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін тұрғын мәселеге түсіністік танытыпты.

"Әскери бөлім болғаннан кейін мұндай тәртіп болады. Бірақ таңғы сағат 05:00-де, 06:00-да немесе кешкі 23:00-де ән айтқызбаймыз. Сағат 08:00-ден 08:30-ға дейін саптық әндер айтылады. Курсанттар таңғы асқа, түскі асқа және кешкі асқа барғанда осы әндерді орындайды. Бұл әскери тәртіптің бір бөлігі", – деді университет басшысының міндетін атқарушы.

Оның айтуынша, тұрғынның өтініші қаралып, өзіне жауап берілген. Университет басшылығы тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін курсанттардың қозғалыс бағытын қайта қараған.

"Қазір талдау жасадық. Бұдан былай тұрғын үйлерге жеткен кезде ән айтылмайды. Саптық әндер тек университеттің ішкі аумағында орындалады. Бұл патриоттық әндер екенін айтқымыз келеді", – деді міндетін атқарушы.

Мекеме өкілдері тұрғындардың алаңдаушылығын түсінетінін және олардың тыныштығын сақтау үшін тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2026 14:41