Қырғызстанда қошқар 1 миллион долларға сатылды
Қырғызстанда “Арашан” тұқымды қошқар рекордтық бағаға сатылды. Малдың жаңа иесі оны 1 миллион долларға сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Миллион долларлық сауда етті-майлы қой тұқымдарын дамытуға арналған халықаралық фестиваль кезінде жасалған. Іс-шараға Қырғызстанмен қатар Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресейден келген фермерлер мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысқан.
Рекордтық бағаға өткен қошқардың тегі де ерекше. Ол 2023 жылы Қазақстанда 150 мың долларға сатылған Франкель атты атақты қошқардың тікелей тұқымы екені айтылды.
Осылайша, араға үш жыл салып оның ұрпағы өзінен бірнеше есе жоғары бағаға бағаланып отыр.
“Арашан” несімен ерекше?
“Арашан” қой тұқымы Қырғызстанда 2021 жылы ресми тіркелген.
Бұл тұқым ірі денесімен, салмағының көптігімен және тез жетілуімен ерекшеленеді. Сонымен қатар таулы аймақтың қатал табиғатына, далалы өңірлерге және қорада бордақылауға жақсы бейімделеді.
Осы қасиеттерінің арқасында “Арашанға” асыл тұқымды мал өсірушілер тарапынан сұраныс жоғары.
Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл тұқымның санын көбейтіп, сапасын жақсартуды және халықаралық нарыққа шығаруды елдегі мал шаруашылығын дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр.
Шымкентте әйелін аяусыз соққыға жыққан ер адам тек 25 күнге қамалды
