Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қой етіннің бағасы шарықтап кетті: Сарапшылар негізгі себептерді атады

қой еті баға
Фото: magnific.com

Қазақстанда биыл көктемнен бастап қой етінің бағасы былтырмен салыстырғанда 27,9%-ға өскен. Сауда комитетінің өкілі Тойгүл Жубанисова ет өнімдерінің қымбаттау себебін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еnergyprom.kz порталының мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінде қой етінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,9%-ға өсті. Осы аралықта:

  • Сиыр еті – 15,1%-ға;
  • Жылқы еті – 14,4%-ға;
  • Шошқа еті – 11,3%-ға қымбаттаған.

Бір жыл бұрын сиыр еті ең жоғары өсім көрсетіп (+19,9%), ал қой еті 19,5%-ға қымбаттаған еді.  

Қой еті әсіресе көктемде және жаздың басында күрт қымбаттаған. 2026 жылдың мамырында баға бір айда бірден 4,7%-ға, ал маусымда тағы 4,2%-ға өсті. Мамыр айындағы өсім көрсеткішә 2011 жылдан бергі рекодтық көрсеткіш болды. 2026 жылдың шілдесінде бағаның өсуі баяулап, 2,3% болды.

2026 жылғы шілдеде Қазақстанда қой етінің (сүйексіз етті қоса алғанда) орташа бағасы 1 килограмына 4,5 мың теңгені құрады. Қой еті ең қымбат Астанада – 5,4 мың теңгеден, ал ең арзан Көкшетауда – 3,8 мың теңгеден сатылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сәуір мен мамыр айларындағы қой еті бағасының көтерілуін Құрбан айт алдындағы маусымдық сұраныстың артуымен байланыстырды. Айтуларынша, ішкі нарықта тапшылық жоқ. Дегенмен, бағаның өсуі тоқтаған жоқ.

Қой еті бағасының өсуі әлемдік нарықта да байқалды. 2026 жылдың шілдесінде қой етінің халықаралық бағасы жаңа рекордтық деңгейге жетті. Океаниядан келетін экспорттық ұсыныстың шектеліп, жоғары импорттық сұраныс өскендіктен баға да артқан.

Сонымен қатар шілде айында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымындағы Ет бағасының индексі бір айда 2,8%-ға төмендеді.

Еліміздің сауда және интеграция министрлгінің ресми өкілі Тойгүл Жубанисова ет өнімдері бағасының өсуі маусымдық ұсыныстың азаюымен байланыстырды.

“Өзіндік өндіріс құнының артуы және сұраныстың жоғарылауы сияқты факторлардың есебінен ет өнімдерінің құны артып отыр. Жазғы кезеңде мал басының бір бөлігі жайылымға ауыстырылады. Салдарынан мал сою көлемі мен нарықтағы ет ұсынысы төмендейді. Сонымен бірге өндірушілер жем-шөпке, ветеринариялық қызмет көрсетуге, тасымалдауға және басқа да өндірістік шығындарға ұшырайды”, – дейді Тойгүл Жубанисова.

Ет өнімдеріне, оның ішінде қой мен сиыр етіне деген сұраныстың жоғары болуын да қосымша фактор болып отыр. Айтуынша, бұл бөлшек сауда бағасына әсер етеді. 

Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, бағаның өсуі – сұраныс пен ұсыныстың өзгеруінің салдары. Яғни, егер сұраныс өсіп, ал ұсыныс артпаса, онда баға өседі.

“Мысалы, Қазақстанда бір адамның ғана қой отары бар делік, ал бүкіл ел сол қойларды сатып алғысы келеді. Онда ол өнімді сатып алушылар төлей алатын кез келген бағаға сатуы мүмкін. Сондықтан қой етінің қымбаттауы – ұсыныстың қысқаруының тікелей салдары. Өйткені сұраныс тұрақты: халық саны шамамен 20 миллион адам. Ол жылына шамамен 1% ғана өседі. Демек, егер баға өсіп жатса, бұл өндірілетін өнім көлемінің азайғанын білдіреді. Өнім аз болғандықтан, оның бағасы өседі”, – дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Маман елімізде не себепті өнімнің аз өндіріліп жатқанын да түсідірді. Оның бірнеше себебі бар дейді ол. 

“Біріншіден, мысалы, бұл іспен айналысу тиімсіз болуы мүмкін. Яғни, қой өсірумен айналысқан адамдар шаруашылығын сатып, қалаға көшіп кетеді. Екіншіден, ұзақ уақыт бойы бұл кәсіппен айналысу тиімсіз болғандықтан, олар банкротқа ұшыраған болуы мүмкін. Шын мәнінде, осының бәрі болып жатқанының нақты себептерінің бірі – осы”, – дейді Ет одағының төрағасы.

Оның сөзінше, бұған дейін Қазақстанда қой етін көп өндіретін. Шамамен ішкі тұтыну көлемінің 115-120% өндіретін. Бұл жағдай 2018, 2019, 2020 жылдары тіркелді.

“Сол кезде қой етін белсенді түрде экспорттадық. Яғни, өнімімізді шетелге сатып отырдық. Сондықтан фермерлердің мал басын көбейтуге ынтасы болды. Өйткені ол: "Қосымша тағы 500 қой сатып алсам, оны бәрібір өткіземін, көбірек ақша табамын" деп білді. Кейін белгілі бір уақытта тірі қойды экспорттауға шектеу қойылды. Соның салдарынан біздегі өндірістің 120%-ы ішкі нарыққа түсті. Ал Қазақстанда небәрі 20 миллион адам бар. Біз 20 миллион адамға емес, 25 миллион адамға жететін көлемде өнім өндіреміз. Енді өз өнімімізді өткізу үшін, сұраныс пен ұсыныс өзгергендіктен, фермерлер өнімін арзанырақ сатуға, яғни сатып алушы үшін бір-бірімен бәсекелесуге мәжбүр болды”, – дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Оның сөзінше, бұл жағдай бір жыл емес, бес-алты жыл бойы жалғасып келеді. Соның салдарынан елдегі қойдың нақты саны азайып жатыр. Яғни, фермерлерге бұл кәсіппен айналысу тиімсіз болғандықтан, олар малын өзіндік құнынан төмен бағаға сатуға мәжбүр. Ал еттің көтерме бағасы төмендеді, сондықтан олар малын арзанға сатып жатыр.

Содан кейін мал басын қысқартып, ауылдан қалаға көшеді немесе егін шаруашылығымен, басқа да табысы жоғары кәсіп түрлерімен айналыса бастайды дейді маман.

Бағаның өсуі өндіріс көлемінің тарихи рекордтық көрсеткішке жеткен тұсында болып отыр. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда 48,2 мың тонна жаңа сойылған және салқындатылған ірі қара, шошқа, қой, ешкі және жылқы еті өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3%-ға көп және 1999 жылдан бергі жеті айдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

Дегенмен, соңғы 10 жылда ет өндірісінің көлемі небәрі 2,1%-ға өскен. Мәселен, 2016 жылдың қаңтар-шілде айларында 47,2 мың тонна ет өндірілген.

Stan.kz
Жұма, 28 Тамыз, 2026 09:00