Қазақстандық оқушы қамшы өріп, шетелден тапсырыс алып жүр
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы мектеп оқушысы Ғарифолла Амангелді қамшыны өз қолымен өреді. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл өнер үлкен шеберлікті, төзім мен дәлдікті талап етеді. Жасөспірім дәстүрлі қолөнерге деген қызығушылығын болашақта кәсібіне айналдырғысы келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24KZ сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғарифолланың ұлттық қолөнерге қызығушылығы жылқыға деген сүйіспеншілігінен басталған. Ол атқа бес жасынан бастап мінген. Бүгінде жас шебер ат әбзелдерінің басым бөлігін өз қолымен жасайды.

“Қамшы, атқа арналған тұсау, жүген, құйысқан және өмілдірік жасаймын. Танымал сәйгүліктерге де жүген жасап бердім. Мысалы, мына жерде Айторы деген атқа арналған жүген тұр. Жақында иесіне тапсырамын. Сонымен қатар белдік те жасаймын”, – деді Ғарифолла Амангелді.
Ғарифолланың отбасында атбегілік, саятшылық және қыран құспен аң аулау дәстүрі бірнеше ұрпақтан бері жалғасып келеді. Оның атасы бүркіт пен тазы ұстап, аңға шыққан. Бүгінде отбасылық дәстүрді балалары мен немерелері жалғастырып келеді.

13 жастағы Ғарифолланың екі жыртқыш құсы, бірнеше тазысы және қысқы аңшылыққа мінетін аты бар. Жас шебер қамшы өруді және терімен жұмыс істеуді өңірге танымал қолөнер шебері Болат Қайранбековтен үйренген.
“Қазір ұлымның өзі маған қолөнерден ұстаз болып жүр. Мен тері илеймін, бірақ қамшы өру онша қолымнан келмейді. Ол маған қалай дұрыс өру керегін үйретеді. Осылайша, бір-бірімізді толықтырып жүрміз”, – деді баланың әкесі Қайсар Сейпішов.
Қамшының бірнеше түрі бар. Олар өру техникасы мен қолданылу мақсатына қарай ерекшеленеді. Ғарифолла қамшының кең таралған төрт түрін өре алады.
Алдымен ол теріден жіңішке таспалар кесіп алады. Содан кейін оларды көне әдіспен қолмен өреді.

Қолөнерден бөлек, Ғарифолла ұлттық спорт түрлерімен де айналысады. Ол садақ, асық ату, құсбегілік және аударыспақтан өнер көрсетеді. Осы спорт түрлерінің барлығынан жасөспірім спорт шеберлігіне кандидат атанған.
“Өскенде ер-тұрман және басқа да ат әбзелдерін жасағым келеді. Бұл маған ұнайды, менің хоббиім. Адам сүйікті ісімен айналысса, оны тастау қиын. Болашақта ұлттық спортты дамытып, шеберлігімді кәсіпке айналдырғым келеді. Үлкен бренд құруды армандаймын”, – деді Ғарифолла.
Ғарифолла осы уақытқа дейін 200-ге жуық қамшы жасап үлгерген. Оның ішінде тобылғыдан жасалған сабы бар қамшылар ерекше бағаланады. Тобылғы – далалық жерде өсетін, сүрегі қатты бұта.
Жас шебер барлық қамшысын табиғи былғарыдан жасайды. Оның бұйымдарына еліміздің әр өңірінен ғана емес, шетелде тұратын қазақтардан да тапсырыс түседі.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада қазақы тазылардың тұқымдық ерекшелігі мен сымбаты сараланған арнайы көрме өткені туралы жазған едік.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты