Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық каратэшілер Азиадада қос алтын еншіледі

Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева
Фото: Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева / Ұлттық олимпиада комитеті

Қазақстандық каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева Азиада-2026-да алтын медаль иеленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қазақстандық каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды.

55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жоламан Биғабыл финалда Өзбекстан өкілі Хумоюнмирза Халиловты жеңіп, Азиададағы алғашқы медалін еншіледі.

Ал Софья Берульцева 68 келіден жоғары салмақта топ жарды. Ол финалда Таиланд спортшысы Маниван Буцуванды жеңді. Бұл Берульцеваның Азия ойындарындағы екінші алтыны. Ол бұған дейін 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада чемпион атанған.

Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында қазір 6 медаль бар: 4 алтын және 2 қола.

XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтеді. Қазақстан атынан жарысқа 558 спортшы қатысады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға Азиада-2026 ойындарындағы алғашқы екі алтынды велошабандоздар Ринат Сұлтанов пен Алексей Луценко әкелді. Ал Жапонияда өтіп жатқан ойындарда Қазақстанның алғашқы медалін триатлоншы Арлан Жанабай жеңіп алды. Ол жеке сайыста қола жүлдеге ие болды. Тағы бір қола медальді қазіргі бессайыстан Темирлан Абдраимов, Тихон Варехин, Лев Чувашов және Кирилл Стадник иеленді.

Айым Атамбаева
Жексенбі, 20 Қыркүйек, 2026 16:02