Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада асыл тұқымды тазылар көрмеге шықты

Фото: Stan.kz

Астанада қазақы тазылардың тұқымдық ерекшелігі мен сымбаты сараланған арнайы көрме өтті. Бір алаңға әр жастағы, әр санаттағы тазылар шығарылып, аталықтар мен аналықтар бөлек бағаланды. Әділ қазылар олардың дене бітімі, жүрісі мен жалпы тұрқына ғана емес, тұқымға тән табиғи белгілерінің қаншалық сақталғанына да мән берді. Жас иттер де, талай дода көрген тәжірибелі тазылар да өз санатында сынға түсіп, көрме барысында қазақы тазыға тән бітім мен болмыс басты өлшемдердің біріне айналды. Шара барысын Stan.kz тілшісі де көріп қайтты.

Көрмеде тазылар қалай бағаланды?

Көрмеге еліміздің әр өңірінен тазы баптаушылар мен өсірушілер жиналған. Иттер жасына және дәрежесіне қарай күшік, юниор, аралық, ашық және чемпиондар санатында бақ сынады. Әр топта ерекшеленген тазылар келесі кезеңге өтіп, өзара қайта салыстырылған соң, тұқымның үздік өкілдері де анықталды. Жүлдеге іліккен иттердің иелеріне кубоктар мен арнайы сыйлықтар табысталды.

Шара барлық ит тұқымдары қатысқан халықаралық көрме аясында ұйымдастырылып, қазақы тазыларды шетелдік сарапшылар, кинологтар мен селекционерлердің кеңірек тануына мүмкіндік туды. Осылайша ұлттық тұқым тек жергілікті мамандардың бағасымен шектелмей, халықаралық кәсіби орта назарында да болды.

 

Фото: Stan.kz

Көрме аясында тұқымдық байқау да ұйымдастырылып, тазылардың шығу тегі мен асыл тұқымдық сапасына қатысты мәліметтер сараланды. Талапқа сай келген иттердің иелеріне халықаралық үлгідегі куәлік табысталып, кейін бұл деректер Бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабына енгізіледі. Мұндай есеп әр тазының қай аталық пен аналықтан тарағанын, одан қандай ұрпақ өрбігенін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

көрме 9
Фото: Stan.kz

Тазыны халықаралық деңгейде таныту үшін не істеу керек?

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақы тазыны сақтау бір күндік көрмемен ғана шектелмейді. Оның тұқымдық желісін жоғалтпай, әр буынын нақты тіркеп отыру – ұзақ мерзімді асылдандыру жұмысының негізгі бөлігі болмақ.

Көрмені ұйымдастырған "Қазақстан кинологтар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігі мұндай шараларды бірнеше жылдан бері тұрақты өткізіп келеді. Алайда бұл жолғы көрменің жөні бөлек. Ұйым өкілдері қазақы тазыларды бір алаңға жинап қана қоймай, олардың шығу тегін нақтылау, тұқымдық белгілерін саралау және халықаралық талаптарға сай дерек қорын толықтыруды көздеген.

көрме 33
Фото: Stan.kz

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали мұндай жұмыстың әсіресе тазыны халықаралық деңгейде толық мойындату үшін маңызды екенін айтады. Оның сөзінше, әлем чемпионаттары мен халықаралық көрмелерге қатысудың бір мақсаты да – Қазақстанның төл тұқымын кәсіби ортаға танытып, оның белгіленген стандарттарға сай екенін дәлелдеу.

"Біз шетелдегі әлем чемпионаттарына барғанда, негізгі мақсатымыздың бірі – өзіміздің ит тұқымдарын таныстыру. Онда иттер халықаралық кинологиялық стандарттарға сәйкестігі бойынша бағаланады. Тазыны халықаралық деңгейде мойындату үшін оның ата-тегін, ата-анасын бақылап, барлық деректі есепке алып, жинақтау қажет. Кейін осы мәліметтер арқылы халықаралық федерацияға тұқымның шығу тегі мен ерекшелігін дәлелдейміз", – деді Бауыржан Серікқали.

Сондықтан одақ үшін көрмеге келген тазыларды бағалаумен қатар, әлі ресми есепке енбеген иттерді іздеп тауып, тіркеу де маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе ауылдық жерлердегі тазыларға назар аударылып отыр. Ұйым дерегінше, бүгінде Қазақстанда ресми тіркелген төрт мыңнан астам тазы бар. Ал ауылдарда құжатталмаған иттерді қоса есептегенде, олардың жалпы саны шамамен алты-жеті мыңға жетуі мүмкін.

Осы жұмыстың бір бөлігі ретінде көрмеде арнайы тұқымдық байқау ұйымдастырылды. Онда тазылар мамандарға көрсетіліп, тұқымдық белгілері мен стандартқа сәйкестігі сараланды. Мұндай бағалаулар кейін әр иттің шежіресін түзіп, тұқымның бірнеше буын бойындағы өзгерісін бақылауға негіз болады.

Одақ өкілдерінің айтуынша, мәселе тек тазы санын көбейтуде емес. Ең маңыздысы – оның қазақы тазыға тән қасиеттерін жоғалтпай, тұқымның сапасын сақтай отырып көбейту. Ол үшін әр күшіктің қай аталық пен аналықтан тарағанына дейін нақты есеп қажет.

Бауыржан Серікқали бұл жұмыстың ұлттық маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, тазы шетелге жай ғана ит тұқымы ретінде емес, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінің бір бөлігі ретінде таныстырылуы тиіс.

"Тазы – қазақ халқының жеті қазынасының бірі. Бірақ шетелдегі әр адам оның біздің мәдениетіміз бен тарихымыз үшін қаншалық маңызды екенін біле бермейді. Сондықтан тазыны халықаралық деңгейде таныту – біз үшін айрықша мәні бар жұмыс. Ол халқымыздың тарихымен, ұлттық болмысымызбен, тәуелсіздігімізбен байланысты символдардың бірі", – деді Қазақстан кинологтар одағының президенті.

Қазақы тазы 2024 жылы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалған еді. Ұйым өкілдері мұны үлкен жетістік деп бағалағанымен, жұмыстың негізгі бөлігі әлі алда екенін айтады. Енді тұқымның шығу тегі, саны, тұрақты белгілері мен халықаралық стандарттарға сәйкестігі ғылыми және құжаттық тұрғыда дәлелденуге тиіс.

Сондықтан қазіргі міндет – еліміздің түкпір-түкпіріндегі тазыларды барынша есепке алып, ортақ шежірелік қор қалыптастыру. Ұйымдастырушылар үшін бұл көрме де осы ұзақ жұмыстың бір бөлігі, яғни бір жағынан ұлттық тұқымды көпшілікке таныстыру, екінші жағынан оның келешегіне қажет нақты деректі жинау.

Тазының мінезі мен оны баптаудың өз ерекшелігі бар

Көрмеге келгендердің арасында кәсіби кинологтар мен ұзақ жылдан бері ит баптап жүрген мамандар да болды. Солардың бірі – Наталья Задорожная. Оның айтуынша, бұл жолы көрмеге "Nomad" клубының иттері де қатысқан. Қазір клубта шамамен 60 ит бар, ал байқауға әкелінгендері жасына және деңгейіне қарай бэби, юниор, аралық, ашық және чемпиондар санатында бақ сынаған.

Фото: Stan.kz

Наталья Задорожная кинологиямен 34 жылдан бері айналысады. Бұл саладағы жолын 1992 жылы неміс овчаркасынан бастап, кейін басқа тұқымдарға да ден қойған. Қазір оның орыс псовая тазысы, кіші неміс шпицтері және қазақы тазылары бар.
Кинологтың айтуынша, тазыны өзгелерден даралайтын қасиеттің бірі – оның мінезі.  

"Тазының ең ерекше қасиеттерінің бірі – үйде өте сабырлы болуы. Оларды пәтерде де еркін ұстауға болады. Тазы өте таза, тыныш, артық үрмейді, сондықтан иесіне қолайсыздық туғызбайды. Бірақ аңға шыққан кезде ол мүлде өзгереді. Сол кезде оның жылдамдығы, аңға деген құлшынысы мен табиғи қасиеттері толық ашылады", – дейді Наталья Задорожная.

Оның сөзінше, қазақы тазының мінезіне қойылатын маңызды талаптар бар.

"Тазы адамға агрессия танытпауы керек. Бейтаныс адамға сақтықпен қарауы, сенімсіздік танытуы мүмкін, бірақ агрессия болмауы тиіс. Ит адамның жанына абайлап келіп, иіскеп көруі мүмкін. Ал егер адамға агрессия танытса, бұл тұқымдық кемшілік саналады және мұндай ит кез келген шарадан шеттетілуі мүмкін", – деді ол.

Кинологтың айтуынша, бұрынғы аңшылар да бұл талапқа ерекше мән берген. Адамға шабуылдайтын немесе өзге иттермен жиі төбелесетін тазыны аңшылыққа жарамсыз деп санаған.

көрме 7
Фото: Stan.kz

Тазы баптауды отбасылық дәстүрге айналдырған әке

Көрмеге тазы өсіріп, тұқымдық іріктеумен айналысатын Сансызбай Базарбайұлы да қатысты. Бір кездері оның қолында тазы көп болған, кейін арасынан тұқымдық қасиеті жақсы дегендерін сұрыптап, таңдаулы иттерін ғана қалдырған екен. Өйткені ол үшін бастысы тазының санын көбейту емес, атадан келе жатқан тұқымның табиғи қасиетін жоғалтпай сақтау еді.

Тазы баптау Сансызбайдың өзімен ғана шектелген қызығушылық емес. Екі ұлы да үш-төрт жасынан әкесінің қасынан қалмай, ит баптаудың қыр-сырын көріп өсіп келеді. Бірге аңға шығып, тазыларды күтіп-баптап, осындай көрмелерге де әкесімен бірге еріп келеді екен. Бүгінде үлкені – 12-де, кішісі – 10 жаста. Әкесі үшін балаларының осы іске ерте араласуы – тазы баптауды кейінгі буынға жалғаудың бір жолы.

"Тазыны мен жай ғана аңға салатын ит деп қарамаймын. Ол – қазақтың тұрмыс-тіршілігімен, аңшылық дәстүрімен бірге келе жатқан ұлттық мұрамыз. Сондықтан жақсы тазыны таңдап, тұқымын дұрыс сақтау қаншалық маңызды болса, оны баптауды балаларға үйретіп, осы дәстүрді кейінгі ұрпаққа жеткізу де соншалық маңызды", – дейді Сансызбай Базарбайұлы.
Фото: Stan.kz

Екі баласына үлгі болған әкенің осы сөзі көрмедегі жалпы көңіл күйді де аңғартады. Мұнда тазыны жай қызығушылық үшін емес, жанына жақын іс деп қабылдап, бар ынтасымен айналысып жүрген адамдардың қарасы көп. Ал тазы баптаушылардың еңбегінің салмағы тіпті бөлек. Олар ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оның мәнін кейінгі буынға жеткізіп, қазақы тазыны кеңінен танытуға өз үлесін қосып келе жатқан жандар. Сондықтан мұндай көрмелер бір күндік жарыстан әлдеқайда ауқымдырақ мәнге ие екені де сөзсіз.

Қарлығаш Асқарова
Сенбі, 19 Қыркүйек, 2026 14:50