Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін кеме жасайтын зауыт саудаға шығарылды

зауыт
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Батыс Қазақстан облысында орналасқан кеме жасау кәсіпорны – "Орал "Зенит" зауыты" акционерлік қоғамы жекешелендіру аясында саудаға шығарылды. Аукцион 2026 жылы 24 қыркүйекке белгіленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кәсіпорын шамамен 18,5 миллиард теңгеге бағаланған. Бұл – саудаға қойылған лоттың бастапқы құны әрі “Столичная оценочная компания KZ” бағалаған акционерлік қоғамның құны. Бағалау былтыр 31 желтоқсанда жүргізілген.

Осы сомаға сатып алушы кәсіпорынның 100% жай акциясын, яғни 2 193 186 акцияны иеленеді. Айта кетейік, компанияның 2025 жылы жасаған есебіне сәйкес, оның жарғылық капиталы 46 миллион теңге болады. 

2025 жылдың қорытындысы бойынша зауыт 81,7 миллион теңге таза табыс тапқан. 2024 жылы бұл көрсеткіш 140,1 миллион теңге болған.

Ал 2026 жылы 31 тамыздағы жағдай бойынша кәсіпорынның кредиторлық берешегі 3,09 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2025 жылы жасалған көрсеткіштен жоғары: сол кезде қарыз көлемі 2,1 миллиард теңге болған.

зауыт
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Зауытты бір ғана қатысушыға сатуы мүмкін

Саудаға бір ғана қатысушы қатысқан жағдайда да “Зенит” зауытын сатуға мүмкіндік бар. Бұл талап конкурс өткізу параметрлерінде көрсетілген.

Кәсіпорынды сатып алғысы келетін қатысушы 2,77 миллиард теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі тиіс.

Зауыттың тарихы 1941 жылдан басталады

“Орал “Зенит” зауытының” тарихы 1941 жылдан басталады. Кәсіпорын сол жылы Ленинградтан Оралға көшірілген. 2026 жылы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша зауыттың жалғыз құрылтайшысы – “Қазақстан инжиниринг” ұлттық компаниясы. Ол өз кезегінде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі.

Кәсіпорын бұған дейін жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне енгізілген. Оны 2026 жылы жеке инвесторға сату жоспарланған. 

“Орал “Зенит” зауыты” катерлер мен кемелер өндіреді. Сонымен қатар кәсіпорын оларды техникалық қызмет көрсетумен, жөндеумен және жаңғыртумен айналысады.

Зауыттың өз мәліметінше, оның негізгі тапсырыс берушілері – Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі. Кәсіпорын кірісінің басым бөлігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысына тиесілі. Мәселен, 2025 жылы зауыт табысының 91,1%-ы, ал 2024 жылы 98,3%-ы мемлекеттік қорғаныс тапсырысы есебінен қалыптасқан.

Сонымен қатар 2026 жылы “Зенит” зауыты Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитетінен 2025 жылға қатысты 1,18 миллиард теңге дебиторлық берешекті өндіріп алу туралы сотқа жүгінген.

зауыт
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Зауыт тағы қандай өнім шығарады?

Катерлер мен кемелерден бөлек, кәсіпорын:

  • жағалаудағы жөндеу шеберханаларын;
  • құбыр тіректерін;
  • металл конструкцияларын;
  • резеңке-техникалық бұйымдарды;
  • сыйымдылықтар, цистерналар мен резервуарларды өндіреді.

Зауыттың жалпы аумағы 20 гектар. Кәсіпорын аумағында жалпы көлемі 74 мың шаршы метр болатын ғимараттар бар. Олардың қатарында өндірістік және инженерлік-зертханалық корпустар, ұсталық-престеу цехтары және басқа да нысандар бар. Сонымен бірге зауытта 1 мыңнан астам станок пен өндірістік жабдық жұмыс істейді. Кәсіпорында шамамен 600 адам еңбек етеді.

Жаңа иесіне қандай талап қойылады?

Зауытты жекешелендірудің негізгі шарттарының бірі – жұмыс орындарын сақтау немесе жаңаларын ашу. Бұл ретте қызметкерлердің жалпы штат санының кемінде үштен екісі Қазақстан азаматтары болуы тиіс. Болашақ меншік иесі кәсіпорынның қызмет бағытын сақтауға және қолданыстағы өндірісті дамытуға міндетті. Атап айтқанда, өндірісті технологиялар трансферті арқылы дамыту, соның ішінде жаңа ноу-хауды енгізу және жоғары білікті мамандарды тарту көзделген.

Сонымен қатар жаңа меншік иесі:

  • кәсіпорынның мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары бойынша қолданыстағы шарт міндеттемелерін уақытында орындауға;
  • азаматтық өнім өндіруге қатысты шарттарды орындауға;
  • жалақы бойынша берешек болса, оны өтеуге;
  • салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша қарыздарды жабуға;
  • кәсіпорынның кредиторлық берешегін сатып алу-сату шарты жасалып, оны өтеуге кепілдік берілген күннен бастап үш айдан кешіктірмей өтеуге міндетті.

Осылайша, шамамен 18,5 миллиард теңгеге бағаланған “Зенит” зауытының жаңа иесі кәсіпорынның акцияларын сатып алып қана қоймай, оның өндірістік бағытын, жұмыс орындарын және мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары бойынша міндеттемелерін сақтауы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Елде құны 1,2 миллиард теңгеге бағаланған киік мүйіздері сатылымға шыққаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 21 Қыркүйек, 2026 08:22