Қайрат Сатыбалдының қонақ үйі 13 миллиард теңгеге саудаға шығарылды
Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған DoubleTree by Hilton жұмыс істеп тұрған қонақ үй кешені сатылымға шығарылды. Нысанның бастапқы бағасы – 12,7 миллиард теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Электронды сауда сайтында Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүй кешенін сатуға арналған жаңа лот пайда болды. Нысанды Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті сатылымға шығарған.
Лот сипаттамасында қонақ үй кешенінің жалпы аумағы 16 196,4 шаршы метр екені және оның Досмұхамедов көшесі, 115 мекенжайында орналасқаны көрсетілген.
Нысан 0,2581 гектар жер учаскесінде орналасқан. Жер учаскесі жекешелендіру нысанының құрамына кірмейтіні және оның бағалау құнына енгізілмегені атап өтіледі. Алайда заңнамаға сәйкес, жер учаскесіне құқық сатып алушыға өтеді. Нысанға қатысты ешқандай тыйым салынбаған. Алайда жер учаскесіне "Су желісі" ШЖҚ МКК пайдасына сервитут белгіленген.
Қонақ үйдің бастапқы бағасы – 12 759 410 000 теңге. Аукцион бағаны көтеру әдісімен өтеді. Сауда 25 қыркүйекте басталады.
Сондай-ақ саудаға бір ғана қатысушы қатысқан жағдайда да нысанды сатуға рұқсат етілетіні нақтыланды.

Еске салайық, Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке өтемақы ретінде 700 миллиард теңгеден астам қаржы мен активтерді қайтарған. Олардың қатарында DoubleTree by Hilton қонақүйі, Kaisar Plaza, Kaisar Towers, "Байсат" базары және басқа да ірі коммерциялық нысандар бар.
- Алматының ескі орталығында орналасқан Kaisar Plaza сауда-кеңсе орталығы 33,5 миллиард теңгеге бағаланған.
- Оның қарсы бетіндегі Kaisar Towers бизнес-орталығының құны – 7,9 миллиард теңге.
- DoubleTree by Hilton қонақүй ғимараты 6,49 миллиард теңгеге бағаланған.
- Қаланың жоғарғы бөлігіндегі "АрСат" бизнес-орталығының құны – 8,9 миллиард теңге.
- Maisat бизнес-орталығы 5,2 миллиард теңгеге бағаланған.
- Жасыл базар аумағындағы "Мегатау" сауда үйінің құны – 8,9 миллиард теңге.
- Барахолкадағы "Байсат" базары 15,9 миллиард теңгеге бағаланған.
- Астанадағы "Оптимум" бизнес-орталығының құны – 3,2 миллиард теңге.
Сондай-ақ Алматы, Астана және Ақмола облысындағы жеке үйлер мен резиденциялар да мемлекетке қайтарылған. Олардың құны 3,34 млрд теңгеден 31,3 миллиард теңгеге дейін бағаланған.
2022 жылы ол мүліктік зиян келтіру және қаражат жымқыру ісі бойынша 6 жылға сотталған. 2024 жылы сот оның жазасының өтелмеген бөлігін бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
Таразда дәрігерді пациентінің бұрынғы күйеуі ұрып өлтірді деп айыпталды