Әлеуметтік желіде балағат сөз айтқан қазақстандық әйел жауапқа тартылды
Әлеуметтік желіде балағат сөздер айтқан әйел полиция назарына ілікті. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбеде бірнеше ер адаммен бірге ішімдік ішіп отырған әйелдің тікелей эфирдегі видеосы әлеуметтік желіде талқыланып жатыр.
Тікелей эфир барысында әйел жүздеген көрерменнің алдында интимдік қатынастары туралы ашық айтып, балағат сөздер қолданған. Оның сөзінде бейәдеп сөздер де болған.
Эфирді әйелдің кәмелетке толмаған қызы да көрген. Қыз анасына хабарлама жазып, эфирді тоқтатып, үйге қайтуын сұраған. Сондай-ақ анасының әрекетінен ұялып отырғанын жазған.
Әйелдің таныстары да оған қызының трансляцияны көріп отырғанын ескерткен. Алайда ол эфирді тоқтатпай, трансляцияны жалғастырған.
Оқиғадан кейін баланың қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқаны және оған қатысты бала құқықтарын қорғау органдарының араласуы қажет пе деген сұрақтар туындады.
Ақтөбе қаласының полиция департаменті істі қолға алып, әйелге 20 АЕК (86 500 тг) көлемінде айыппұл салды.
“Тексеру барысында аталған бейнежазбаның авторы Ақтөбе қаласының 32 жастағы тұрғыны Мөлдір Әуезова екені анықталды. Аталған факті бойынша Мөлдір Әуезова әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды”, – деп мәлімдеді Полиция департаменті.

Полиция әлеуметтік желілердің де жалпыға қолжетімді қоғамдық кеңістік екенін және әлеуметтік желі қолданушыларының әрекетіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптары қолданылатынын ескертті.
Еске сала кетейік, Таразда ер адамды үш жігіт аяусыз ұрып-соғып, кейін өз көлігіне салып, ауруханаға “көшеден тауып алдық” деп жеткізген. Марқұмның қарындасы ағасы ауыр соққыдан кейін есін жимастан қайтыс болғанын айтты. Енді ол қылмысқа қатысы бар барлық адам заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.
Таразда дәрігерді пациентінің бұрынғы күйеуі ұрып өлтірді деп айыпталды