Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда дәрігерді пациентінің бұрынғы күйеуі ұрып өлтірді деп айыпталды

қылмыс
Фото: Threads gul.s0212

Таразда ер адамды үш жігіт аяусыз ұрып-соғып, кейін өз көлігіне салып, ауруханаға “көшеден тауып алдық” деп жеткізген. Марқұмның қарындасы ағасы ауыр соққыдан кейін есін жимастан қайтыс болғанын айтты. Енді ол қылмысқа қатысы бар барлық адам заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаза болған ер адам медицина саласында жұмыс істеген. Оның қарындасының айтуынша, ағасына бұрын ем қабылдаған науқас әйелдің бұрынғы күйеуі бірнеше рет телефон соғып, тіл тигізіп, кейін кездесуге шақырған. Марқұм Думан мәселені сөйлесіп шешу үшін кездесуге бара жатқан. Алайда жолда оның көлігін әлгі ер адам және қасындағы екі жігіт тоқтатқан.

 

Амандасуға қолын созған кезде басынан ұрған

Марқұмның қарындасты істің мән-жайын Threads парақшасында жазды. Оның айтуынша, ағасы амандасуға қолын созған сәтте қасындағы адамдардың бірі оны доғал затпен ұрған.

“Ағам жерге құлаған соң үш ер адам оны көліктің жүк салғышына салып әкеткен. Бұл жағдайды жолдан өтіп бара жатқан көлік жүргізушісі көрген. Кейін ағамды Аса өзенінің жағасына апарып, сол жерде тағы да соққыға жыққан. Оқиғаға сол маңда ойнап жүрген балалар да куә болған. Олар Думан ағамды ұрып-соққан соң өз көлігіне салып, ауруханаға “көшеден тауып алдық” деп әкеліп тастаған”, – дейді марқұмның қарындасы. 

Алайда денені жеткізген ер адам дәрігерлерге өзі туралы ештеңе айта алмаған.

Ал болиция бастапқыда барлығын ( 3 жігітті) ұстаған. Кейін екеуін жіберіп, тек біреуін қамауға алған. Тергеуші куәгер жүргізушіге “бір адам болды" деп айта салшы деп айтқан.

Марқұм мен пациенттің арасында ешқандай қатынас болмаған

Марқұмның қарындасы ағасына жасалған шабуылға қызғаныш себеп болды деп санайды. Оның айтуынша, Думан мен аталған әйелдің арасында ешқандай қарым-қатынас болмаған.

“Ол әйел жай ғана пациенті. Телефондағы жазбалардың барлығы емдеу барысына қатысты болған. Пациент әйел де мұны растап отыр”, – дейді ол.

марқұм
Фото: Threads gul.s0212

Марқұмның қарындасының сөзінше, күдікті Думанмен кездеспей тұрып та өзінің ажырасқан әйелін ұрып-соққан екен.

“2 ай бұрын сол үшін 15 күнге қамалған. Босап шыққан соң тағы да әйелін ұрған. Ол әйелдің хәлі әлі де нашар. Ал полиция оның арызын әлі алмаған. Әйелін ұрған соң 15 күн ғана отырмай, сол кезде жазасын берсе, бір отбасының әкесі тірі қалар ма еді. Қызғаныштың кесірінен мен бауырымнан, екі кішкентай қыз әкелерінен айырылды. Думан ол әйелдің арасында ешқандай қатынас болмаған.Үш3 күннен кейін қызын қырқынан шығарып, өзі 30 жасқа толуы керек еді. Кішкентай қызы әкесінің түрін көріп, танып та үлгермеді”, – деп жазды марқұмның қарындасы. 

Ер адамның қарындасы кінәлілерді түгел жазалауды сұрап отыр. 

“Ертең бостандықта жүргендері тағы да біреуді өлтірмеуіне кім кепіл. Біз бір ғана нәрсені талап етеміз: іске қатысы бар барлық адам жауапқа тартылсын. Бұл іс салғырттықтан “жабылып” кетпесін. Себепсізден себепсіз бір отбасын ойрандады. Бауырым тіл катпастан кетті. Осындай жауыздарға қатаң жаза беруді сұраймын”, – деп жазды қыз. 

Полиция не дейді?

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Жамбыл облыстық полиция департаментінен мән-жайды сұрады. 

Полиция қайғылы оқиғаның шамамен бір ай бұрын болғанын хабарлады. Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қостанай облысында медицина қызметкеріне қоқан-лоқы көрсеткен ер адам іздестіріліп жатқаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 14:23