Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында медицина қызметкеріне қоқан-лоқы көрсеткен ер адам іздестіріліп жатыр

дәрігерді қорқытқан
Фото: видеодан скриншот

Қостанай облысында науқастың медицина қызметкерін балағаттап, қоқан-лоқы көрсеткен видеосы әлеуметтік желіде тарады. Жазба жарияланғаннан кейін жағдайға полиция департаменті пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Медицина мекемесінің қызметкері 16 шілдеде болған жанжалдың видеосын әлеуметтік желіде жариялады. Видеода ер адам медицина қызметкерін балағаттап, қорқытып жатқанын көруге болады.

Автордың айтуынша, ол видеоны жұрттың аяушылығын тудыру үшін емес, дәрігерлер мен медбикелердің жұмыс барысында қандай жағдайларға тап болатынын көрсету мақсатында жариялаған. Оның сөзінше, қызметкерлер науқастан алдын ала басқа ауысымда келуін сұраған және ол бұған келіскен. Алайда ер адам диализге келген кезде медицина қызметкерлерін балағаттай бастаған.

"Ол: "Мені неге басқа уақытқа ауыстырдың?" деп айқайлай бастады. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Мұндай қоқан-лоқы мен балағат сөздерді тек мен естіген жоқпын. Әріптестерім де осындай жағдайларға тап болған. Бүгін мұны видеоға түсіріп үлгердім", – деді медицина қызметкері.

Жазба авторы айналадағы адамдардың, науқастардың жүйкесі жұқарғанын алға тартып, дәрігерлерді мұндай әрекеттерге "шыдауға" шақыратынына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, адамның өзін нашар сезінуі ешкімге қоқан-лоқы көрсетуге құқық бермейді.

"Өлтіремін деп қорқыту – біздің кәсібіміздің бір бөлігі емес. Балағаттау да, медицина қызметкерін қорлау да жұмысымыздың бір бөлігі емес. Адамның өзін нашар сезінуі, ашуы немесе өміріндегі қандай да бір қиындықтар басқа адамға "Сені өлтіремін" немесе "Басыңды жұламын" деп айтуға құқық бермейді. Қоғам мұндай әрекеттерді қалыпты жағдай деп қабылдауды тоқтатса екен деймін. Өйткені әр медицина қызметкерінің артында тірі адам тұр. Әрқайсымыз ауысымнан кейін үйімізге қорқынышпен емес, еңбегіміздің аз да болса бағаланатынын сезініп қайтуға құқылымыз", – деді ол.

Қостанай облысының Полиция департаменті әлеуметтік желіде жазба жарияланғаннан кейін аталған дерек бойынша тексеру басталғанын хабарлады. Ведомство өкілдері медицина қызметкерін балағаттаған ер адам жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

"Аталған дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта медицина қызметкерін балағаттаған адамның жеке басы анықталуда. Ол заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапқа тартылады", – деп хабарлады полиция.

Назархан Уән
Жұма, 17 Шілде, 2026 20:37