Әлеуметтік желіде балағат сөз айтқаны үшін қызметінен қуылған дәрігер сот арқылы жұмысына қайта оралды
Әлеуметтік желідегі видеоларында балағат сөз қолданғаны үшін жұмыстан шығарылған емхана дәрігері сот арқылы қызметіне қайта оралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Медицина қызметкері емханада 2023 жылдың тамызынан бері еңбек еткен. Екі жылдан кейін әлеуметтік желідегі видеоларына байланысты онымен жасалған еңбек шарты бұзылған. Бұған оның кәсіби қызметке қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі негіз болған.
Алайда әйел сотқа жүгініп, бұрынғы қызметіне қайта алуды және мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақысын өндіріп беруді сұраған. Бірақ бірінші және апелляциялық сатылар жұмыс беруші шешімін заңды деп таныған.

Істі қайта қараған кассациялық сот бұған басқа баға берді.
"Емхана қызметкердің кәсіби талаптарға сәйкес келмейтінін растайтын дәлелдер ұсынбаған. Сондай-ақ оның жұмысына қатысты бұған дейін ешқандай шағым болмаған. Осыған байланысты төменгі сатыдағы сот актілерінің күші жойылып, талап қоюшының өтініші қанағаттандырылды", – делінген Кассациялық сот хабарламасында.
Нәтижесінде медицина қызметкері жұмысына қайта алынып, мәжбүрлі бос жүрген кезеңі үшін жалақы өндіру туралы шешім шығарылды.
"Қырғызстан өзі алға шығу үшін осылай жасады": Сарапшылар көшпенділер ойыны нәтижесіне қатысты пікір білдірді