Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екінші әйел алу туралы тақырыпты өзім бастап көтердім – Ильнура Ғалымова

Ильнура Ғалымова
Фото: Видеодан скриншот

Блогер Айтуған Ғалымовтың бірінші жары Ильнура Ғалымова күйеуінің Әсеммен қарым-қатынасы туралы қалай білгенін айтып берді. Qurby Talk подкастына берген сұхбатында ол екінші әйел алу туралы әңгімені өзі бастағанын, алайда күйеуінің жауабы жанына қатты батқанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ильнураның айтуынша, Айтуған мен Әсем үш жыл бойы қыз бен жігіт болып жүрген. Өзі олардың арақатынасы туралы бір жылдан кейін ғана білгенін, оған дейін күмәнданып жүргенін айтты.

Күдігі екеуінің Қытайда жүрген кезінде күшейген. Әлеуметтік желідегі жазбаларын қарағанда, олардың бір жерде жүргенін байқаған.

“Ол кезде екеуі де Қытайда жүрді. Әлеуметтік желілерін тексерсем, екеуі де бір жерде жүреді. Қайынсіңліме: “Екеуі сөйлесіп жүрген сияқты” деп те айттым”, – деді Ильнура.

“Әсемді жақсы көремін” деп айтып қалды

Сол жылы Ильнура күйеуімен бірге Меккеге барған. Әсем де ата-анасымен сол турға қосылған. Ильнура осы сапарда Айтуғанның Әсемге деген көзқарасын байқап, себебін сұрағанын айтты.

“Сол кезде Айтуғанның Әсемге деген көзқарасын байқаймын. Оның себебін сұрағанымда: “Оның ислам туралы білімі аз, ал сен көп дүниені білесің ғой” деп жауап берді”, – деді ол.

Кейін қонақүйге оралғанда Ильнура екінші әйел алу туралы әңгімені өзі бастаған. Күйеуінен екінші жарының қандай болғанын қалайтынын, жасы қаншада болуы керек екенін сұраған.

“Біз ашық сөйлесе алатын едік. Сөйтіп, тоқал алу туралы, екінші әйел алу туралы тақырыпты өзім бастап көтердім. Екінші әйел алса, қандай қыз болуы керек, жасы қаншада болуы керек деп сұрадым. Ол: “Иә, мен Әсемді жақсы көремін” деп байқамай айтып қалды. Қатты тиді. Артынан үшеуміз отырып сөйлестік”, – деп еске алды Ильнура.

“Бірде рұқсатымды беремін, бірде ойымнан айнып қаламын”

Ильнураның сөзінше, Меккеден оралғаннан кейін Айтуған мен Әсем бірден Қытайға кеткен. Сол уақытта екеуі тон сатып, әлеуметтік желіде көптің назарына іліккен. Ал өзі күйеуінің екінші әйел алуына қатысты бір шешімге келе алмай жүрген.

“Бірде рұқсатымды беремін, бірде ойымнан айнып қаламын. Ұрысамыз, татуласамыз. Ол шариғатта бар дүние, мен оны түсінемін. Рұқсатымды бергім де келді, бергім келмеді. Жауабын іздеп, қатты іздендім”, – деді ол.

Алайда Ильнура уақыт өте келе араларындағы қарым-қатынастың бұрынғыдай болмайтынын сезген. Оның айтуынша, екі жақта жүруі де жағдайды қиындата түскен. Күйеуі екі отбасына бірдей қарайтынын айтқанымен, бұл уәдесі орындалмағанын жеткізді.

“Өзімді тастанды сезіндім. Арамыздың бұрынғыдай болмайтынын білдім. Оның үстіне екі жақта жүрдік. Еркек “бірдей қараймын” десе де, ешқашан бірдей қарамайды. Оны мен басында да сездім. Уәдесін берді, бірақ ол нәрсе орындалмады. Осыдан кейін өз-өзіме қарайын деген шешімге келдім”, – деді Ильнура.

Еске салайық, бұған дейін Erkewoka лақап атымен танылған Әсем әлеуметтік желідегі парақшасында сырға салу және ұзату тойынан кадрлар жариялап, тұрмысқа шыққанын хабарлаған еді. Кейін желі қолданушылары оның таңдауы әйелі және үш баласы бар блогер Айтуған Ғалымов екенін анықтап, бұл жаңалық қызу талқыға түсті.

Көп ұзамай Айтуған Ғалымовтың өзі де екінші рет үйленгенін жасырмай, екі отбасы бар екенін ашық мәлімдеді.

“Иә, менің екі отбасым бар. 15 миллион теңге қарызым бар. Аллаға шүкір. Кім не десе де, мен Алламен шыншылмын. Қандай болсаң да, адамға бәрібір жақпайсың”, – деп жазған еді блогер.

Артынша ол екінші жар алу туралы шешімін исламда бұған рұқсат етілгенімен түсіндірді. Ал Айтуғанның бірінші жары Ильнура Ғалымова кейін Әсеммен бірге түскен видеосын парақшасында жариялап, көп ұзамай өшіріп тастаған.

Ал жақында Әсем өзінің жүкті екенін де жариялады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 14:45