Блогер Айтуған Ғалымовқа екінші жар болып тұрмысқа шыққан Ерке жүктілігін жариялады
Бір ай бұрын әйелі бар блогер Айтуған Ғалымовқа екінші жар болып тұрмысқа шыққан Әсем өзінің жүкті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Ол Вьетнамдағы саяхатынан бірнеше сурет жариялаған. Кадрлардың бірінде Әсемнің іші шығып тұрғаны анық байқалады. Сондай-ақ блогер ішін ұстап суретке түсіп, жазбасына жүкті әйел бейнеленген эмодзи қалдырған.
Бұл жаңалық әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Оқырмандарының бір бөлігі блогерді құттықтап, ақ тілектерін жаудырды.
“Аман-есен құшағыңа алу бұйырсын”, “Құтты болсын”, – деп жазды олар.
Ал пікір қалдырғандардың тағы бір бөлігі бұған әртүрлі көзқарас білдірді.
“Айттым ғой”, “Ештеңе деп сөге алмаймыз. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз”, “Бәсе, осындайы бар еді ғой”, “Айтуған, көпбалалы әке болуыңмен”, “Аяқ астынан тұрмысқа шыққанынан-ақ түсінікті еді”, “Сүрінген мен бүлінгенді сөз етпе, сен де тұрсың, мен де тұрмын кезекте”, “Бірінші әйеліне де обал, бұл қызға да оңай емес”, – деп жазды желі қолданушылары.
Еске салайық, бұған дейін Erkewoka лақап атымен танылған Әсем әлеуметтік желідегі парақшасында сырға салу және ұзату тойынан кадрлар жариялап, тұрмысқа шыққанын хабарлаған еді. Кейін желі қолданушылары оның таңдауы әйелі және үш баласы бар блогер Айтуған Ғалымов екенін анықтап, бұл жаңалық қызу талқыға түсті.
Көп ұзамай Айтуған Ғалымовтың өзі де екінші рет үйленгенін жасырмай, екі отбасы бар екенін ашық мәлімдеді.
“Иә, менің екі отбасым бар. 15 миллион теңге қарызым бар. Аллаға шүкір. Кім не десе де, мен Алламен шыншылмын. Қандай болсаң да, адамға бәрібір жақпайсың”, – деп жазған еді блогер.
Артынша ол екінші жар алу туралы шешімін исламда бұған рұқсат етілгенімен түсіндірді. Ал Айтуғанның бірінші жары Ильнура Ғалымова кейін Әсеммен бірге түскен видеосын парақшасында жариялап, көп ұзамай өшіріп тастаған.
