Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы жаңа үйлер "Қазақтелеком" интернетіне қосылуда

Қазақтелеком (2)

"Қазақтелеком" Ақтау қаласындағы оптикалық желіні кеңейтуде. Жыл басынан бері компания сегіз тұрғын үйді өз инфрақұрылымына қосты, ал жақын арада қаладағы тағы төрт тұрғын үй кешенін GPON технологиясы арқылы интернетке қосуды жоспарлап отыр. Жаңадан қосылған нысандардың бірі – 240 пәтерлі "Айсар" тұрғын үй кешені. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақтаудағы "Айсар" тұрғын үй кешенінде тұратын Зүлпия Арахованың отбасы үшін үйдің оптикалық желіге қосылуы оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келді. Отбасында интернетті балалар оқу, ақпарат іздеу және онлайн сабақтарға қатысу үшін барынша пайдаланады.

"Қазір оқу жылы басталған кезде интернет балаларға аса қажет. Олар үй тапсырмаларын орындайды, қосымша ақпарат іздейді, онлайн оқиды. Сондықтан отбасымыз үшін интернеттің жылдам әрі тұрақты болғаны маңызды. Енді мұндай қызметтердің біздің үйде де қолжетімді болғаны өте ыңғайлы", – деді Зүлпия Арахова.

GPON технологиясы арқылы оптикалық-талшықты желі абоненттің пәтеріне тікелей тартылады. Бұл бір желі арқылы үйдегі интернет, теледидар және басқа да цифрлық сервистерді қатар пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазақтелеком (2)

Жаңа тұрғын үй кешендерімен қатар, "Қазақтелеком" жеке сектордағы оптикалық желіні де кеңейтуді жоспарлап отыр. Келесі жобалардың бірі Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе ауылында жүзеге асырылады. Мұнда шамамен 1 200 үйді GPON технологиясына қосу мүмкіндігі қарастырылған. Жоба аясында шамамен 800 порт салу көзделген.

"Біз Ақтау қаласының өзінде де, оған жақын елді мекендерде де оптикалық желіні дамытуды жалғастырып жатырмыз. Қазір қалада тағы төрт тұрғын үй кешенін қосуға дайындық жүргізілуде. Алдағы ауқымды жұмыстардың бірі Қызылтөбеде жүргізіледі – мұнда желі жер үйлерге тартылады. Заманауи инфрақұрылым тек жаңа көпқабатты үйлерде ғана емес, сапалы сымды интернетке мұқтаж жеке үйлерде тұратын тұрғындарға да қолжетімді болуы біз үшін маңызды", – деп атап өтті "Қазақтелеком" бөлшек бизнес дивизионының Инсталляциялық жұмыстар департаменті Ақтау қаласы цехының бастығы Бауыржан Қалиев.
Қазақтелеком (2)

Жаңа нысандарды қоспас бұрын компания мамандары тұрғындармен кездесіп, қолжетімді қызметтер туралы кеңес береді және өтінімдер жинайды. Мұндай формат сұранысты бағалауға және желіні дамыту кезеңінің өзінде қосылуға деген қажеттілікті анықтауға мүмкіндік береді.
 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 14:01