Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бургер мен газды сусындарсыз: Қазақстанда балаларға арналған фастфуд жарнамасына шектеу енгізу жоспарланып жатыр

Фастфуд балалар
Фото: ChatGPT

Денсаулық сақтау министрлігі балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майлар мөлшері жоғары басқа да өнімдердің жарнамасын шектеу бойынша заңнамалық ұсыныстар әзірледі. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, бұл бастаманың негізгі мақсаты– балалардың тағамдық талғамына маркетингтік ықпалды азайту және ерте шақтан бастап дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыруға ықпал ету.

“Министрлік құрамында тұз, қант, қаныққан және трансмайлар мөлшері жоғары тамақ өнімдерінің жарнамасын теле- және радиоарналарда, әлеуметтік желілерде, сыртқы жарнама құралдарында шектеу бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды іске асыру мақсатында осы шектеулердің реттеушілік әсерін талдауды әзірлеу жұмыстары басталды”, – деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігі. 

Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізген зерттеу деректеріне сәйкес 6–9 жас аралығындағы балалардың 23%-ында артық дене салмағы бар, ал 6%-ы семіздікке шалдыққан. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын тұтынады.

 Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фастфудтың агрессивті жарнамасы мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.
Ол мұндай жарнаманың зиянды әдеттердің қалыптасуына ықпал ететінін, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттыратынын және елдің еңбек әлеуетіне кері әсер ететінін атап өтті.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 11:07