Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайғылы оқиғадан бір күн бұрын МИБ төрағалары үйдің жағдайын талқылаған: Ұлдана Мырзуан ісінде жаңа дерек айтылды

Ұлдана сот

Фото: ҚР Жоғары Соты/видеодан скриншот

Астанада 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сотта Сәуле Жұбаниязова мен МИБ-тің бұрынғы төрайымы Гүлжаухар Ахметова арасындағы хат алмасуды қылмыстық іс материалдарына қосу туралы өтініш қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Хат алмасу 2025 жылғы 7 қарашада, Ұлдана Мырзуан қаза болған оқиғадан бір күн бұрын WhatsApp-та болған. Онда Сәуле Жұбаниязова МИБ-тің бұрынғы төрайымынан үй шатырының жағдайын және оны кім тазалағанын сұраған.

"Сіздерде шатырды кім тазалады? 62-пәтер алаңдап отыр ма?" – делінген хабарламада.

Бұған Ахметова шатырдың бұған дейін жөнделгенін айтып, қыс түсер алдында оны қайта тексеру қажеттігін еске салған. Оның сөзінше, жазда маман шақырып, шатырды тағы бір рет тексерту керек болған. Ал Жұбаниязова шатырдың тексерілгенін және оның жағдайы қалыпты деп бағаланғанын айтқан.

Қорғаушы тарап бұл хат алмасу “Жұбаниязованың МИБ төрайымы болғаннан кейін үйдің техникалық жағдайына қатысты мәселелермен айналысқанын көрсетеді” деп есептейді.

"Бұл хат алмасу Сәуле Жұбаниязованың МИБ төрайымы қызметіне кіріскеннен кейін үйдің техникалық жағдайына назар аударып, мамандарды тарта отырып тексеру жүргізгенін көрсетеді. Сонымен қатар хатта үйдің шатыры туралы айтылғанына назар аударғымыз келеді. Ал Ұлдана Мырзуан қаза болған оқиға ғимарат қасбетінің опырылуымен байланысты", – деді қорғаушы тарап.

Сот хат алмасуды іс материалдарына қосу туралы өтінішті әзірге ашық қалдырды. Ол бүгінгі сот отырысы аяқталғанға дейін қаралады.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үй ғимаратының сыртқы қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен еді. Оқиға орнына көмек көрсетуге барған 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның үстіне кондиционер құлап, ол ауыр жарақат алды. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, Ұлдана 18 қарашада көз жұмды. Ол бес жыл бойы фельдшер болып жұмыс істеген және қайғылы оқиғадан бірнеше апта бұрын ғана тұрмысқа шыққан еді.  

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 11:10