Сотта Ұлдана Мырзуанның өлім себебі айтылды
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында қылмыстық іс материалдарын зерттеу басталды. Сотта сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, Ұлдана Мырзуан көпқабатты үйдің қасбетінен кірпіштер құлаған кезде басынан ауыр ашық бас-ми жарақатын алған. Сонымен қатар марқұмның бас сүйегі сынып, ми қабықтарының астына қатты қан құйылған.
"Бас сүйек сүйектерінің сынуы, ми қабықтарының астына қан құйылуы және ми жарақатымен қатар жүрген ашық бас-ми жарақаты салдарынан ми тіндері ісініп, домбығып, ми құрылымдарының ығысу синдромы дамып, ми бағаны қысылған", – делінген сараптама қорытындысында.
Сарапшының айтуынша, Ұлдананың көз шарасы мен бет сүйегінің сүйектері сынған. Бас сүйегі арқылы маңдай, төбе және самай тұстарын бойлай сызықтық сынық өткен. Көлемі үлкен үш түрлі гематома бірден пайда болып, ми тінін қысқан. Соның салдарынан өмірлік маңызды қызметтерді басқаратын негізгі орталықтар орналасқан мидың бағандық құрылымдары шүйде сүйегіндегі үлкен тесікке қарай ығысқан.

Сарапшы марқұмның алған жарақаттары мен оның өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар деген қорытындыға келген.
Еске салайық, 18 тамызда Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді.
2 қыркүйек күні өткен сот отырысында тұрғын үйдің қасбеті опырылған сәт көрсетілген еді.
Мән-жайы
Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
Қазақстандық оқушыны спорттық аяқ киіммен барғаны үшін мектепке кіргізбей қойған