Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес қабатқа есептелген, бірақ тоғыз қабат салынған": Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үй туралы сотта тың дерек айтылды

Ұлдана Мырзуан
Фото: ҚР Жоғары Соты

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот жалғасып жатыр. Бүгін сотта айыпталушы, үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы ғимараттың техникалық жағдайына қатысты сараптамаға жасалған рецензияны оқып, құрылыс кезінде кеткен бірқатар кемшілікке назар аударды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сотта көпқабатты үйдің қалай салынғаны да сөз болды. Қорғаушының айтуынша, ғимараттың қабат саны мен құрылыста қолданылған тәсіл бір-біріне сәйкес келмеген.

"Құрылыс салушы қолданған 2.130-8 типтік сериясы бес қабатқа дейінгі ғимараттарға есептелген. Алайда іс жүзінде осы схема бойынша тоғыз тұрғын қабат және техникалық қабат салынған. Соның салдарынан конструкцияға шамадан тыс салмақ түскен. Бұған қатысты қосымша есептік негіздеме жасалмаған. Сонымен қатар нысанда жобада қарастырылған монолитті темірбетон белдеулер болмаған", – деді қорғаушы.

Рецензияда құрылысқа пайдаланылған материалдардың сапасы да қаралған. Соның ішінде үйдің жоғарғы қабаттарындағы кірпішті қалауға пайдаланылған ерітіндіге қатысты мәселе көтерілді.

"8 және 9-қабаттардағы кірпіш қалау ерітіндісінің беріктігі өте төмен болған. Зертханалық сынақ кезінде ерітінді үлгілері тексеруге дайындау барысында-ақ үгітіліп, шашылып қалған. Сондықтан олардың нақты беріктік маркасын анықтау мүмкін болмаған. Қаптама кірпішті негізгі қабырғаға бекіту талаптары да сақталмаған. Кірпіш арасындағы жіктер ерітіндімен толық толтырылмаған", – деп рецензиядан үзінді келтірді адвокат.

Қорғау тарапы үйдегі ақауларды кейінгі жылдардағы күтіммен ғана байланыстыруға болмайтынын алға тартты. Рецензияда ғимарат салынған 2005 жылдан бастап апат болған 2025 жылға дейінгі жағдайға да баға берілген.

"Ғимараттың 2005 жылдан 2025 жылға дейінгі 20 жылдық пайдалану кезеңінде деформациялар жасырын түрде жиналған. Оның алғашқы белгілері 2017 жылы тіркелген. МИБ тарапынан жүргізілетін қалыпты жөндеу жұмыстары бастапқы құрылыс ақауларын жоя алмас еді. Мұндай кемшілікті қарапайым жөндеумен түзету техникалық тұрғыдан мүмкін емес. 8 қарашадағы қатты жел негізгі себеп емес, бұрыннан қалыптасқан ақаулардан кейінгі соңғы сыртқы фактор болған", – деді қорғаушы.

Сотта МИБ-тің жауапкершілігіне қатысты мәселе де көтерілді. Қорғаушы оқыған рецензияда МИБ-тің әрекеті немесе әрекетсіздігі мен қасбеттің опырылуы арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталмағаны айтылған.

Айта кетейік, бұл – қорғау тарапы сүйеніп отырған рецензияда келтірілген тұжырымдар. Сот іс бойынша түпкілікті шешім шығарған жоқ.

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ауыр жарақат алған. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге келген кезде көпқабатты үйдің қасбеті опырылып, сыртқы кондиционер блогы құлаған. Дәрігерлер бірнеше күн оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада Ұлдана ауруханада көз жұмды.

Іс бойынша осы үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға Қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәсін мойындамайтынын мәлімдеген.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 15:40