Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан ісі: Айыпталушы сотта өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді

Сәуле Жұбаниязова
Фото: Видеодан скрин

Астанада Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс бойынша айыпталушы өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатқан іс бойынша айыпталушы – қайғылы оқиға болған үйдің мүлік иелерінің бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова.

Судья Меруерт Абаева айыпталушыдан тағылған айыптарға көзқарасын білдіруді сұрады. Айыпталушы Жұбаниязова өзін кінәсіз деп санайтынын және өзіне тағылған айыпты толықтай мойындамайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ бүгінгі сот отырысында дәлелдерді зерттеу тәртібі де бекітілді: алдымен жәбірленушілер, кейін куәлар мен айыпталушыдан жауап алынады. Осындан кейін сот іс материалдарын жариялап, іске тіркелген бейнежазбаларды қарайды.

Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша келесі сот отырысы 20 тамыз сағат 10:00-ге белгіленді.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 20:22