Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына берілген 20 миллион теңгені кім алды: Әкімдік жауап берді

Астанада қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнелдің қайта үйленуі қоғамда қызу талқыланды. Алайда көпшіліктің басты сауалы оның жаңа некесінде ғана емес, марқұмның отбасына берілген 20 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек, мұраға қалған мүлік пен жәбірленуші мәртебесіне қатысты болды. Stan.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты отбасының заңгерінің және Астана әкімдігінің жауабын білді.
Астанада былтыр қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның есімі соңғы күндері қайтадан қоғам талқысына түсті. Бұған Ұлдана Мырзуанның бұрынғы жұбайы Зейнет Әділеттің араға 8 ай салып қайта шаңырақ көтергені себеп болды.
Алайда әлеуметтік желідегі талқылау тек оның қайта үйленуімен шектелмеді. Желі қолданушылары марқұмның отбасына берілген 20 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек пен Ұлдана Мырзуанның тұрмысқа шықпай тұрып өз қаражатына сатып алған Shangan автокөлігінің кімге берілгені туралы да сауал көтерді.
Осыған байланысты редакция мәселенің мән-жайын анықтау үшін марқұмның туыстарының заңды өкілі Нұрсұлтан Орынбекке хабарласып, әлеуметтік желіде қызу талқыланған мәселелерге қатысты түсініктеме алды.
“Анасының жалғыз ғана өтініші бар”
Заңгердің сөзінше, марқұмның мүлкіне қатысты мәселелер заң талаптарына сәйкес нотариус арқылы рәсімделген. Сонымен қатар ол марқұмның анасы Салима Ершанқұлқызының Зейнет Әділетке қатысты бір ғана өтініші бар екенін айтты.
"Мұрагерлік нотариус арқылы рәсімделді. Алты айлық мерзім өткеннен кейін мұрагерлік заңды күшіне енді. Соған сәйкес, көлік ата-анасына берілді, ал зейнетақы қорындағы жинақ заң бойынша жұбайына және анасына өтті. Анасының жалғыз ғана өтініші бар. Қызы қайтыс болғаннан кейін 8 ай өтпей қайта үйленген бұрынғы күйеу баласы қазір жәбірленуші мәртебесінен өз еркімен бас тартса дейді. Себебі анасы оған заң жүзінде мұндай құқық берілгенімен, оған моральдық тұрғыдан оған құқығы жоқ деп есептейді", – деді заңгер.
Сондай-ақ әлеуметтік көмектің қандай тәртіппен және кімге тағайындалғанын нақтылау үшін Астана әкімдігіне де ресми сауал жолдады.
"Әкімдік тарапынан демеушілік қаражат есебінен көмек көрсетілді. Көмек марқұмның жұбайы, яғни жесір қалған азаматқа берілді. Қаражаттың кейін қалай жұмсалғанын әкімдік бақыламайды. Бұл отбасының жеке мәселесі", – деп жауап берді әкімдік.
Бұдан бөлек, әкімдік Әділет Зейнелдің қайта үйленуі мен әлеуметтік көмектің бөлінуіне қатысты қоғамда талқыланып жатқан жайттарға пікір білдірмейтінін айтып, бұл мәселе жеке отбасының ішкі ісі екенін жеткізді.
Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, қазір Ұлдананың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, материалдармен танысу кезеңі жүріп жатыр.
"Тергеу амалдары аяқталды. Қазір прокуратурада іс материалдарымен танысу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта іс сотқа жіберіледі. Заңға сәйкес, тергеу амалдарының барысы туралы толық ақпаратты жариялай алмаймыз", – деді Нұрсұлтан Орынбек.
“Ұлданамен де дос болмаған, Әділетті де бұрын мүлдем танымаған”
Зейнет Әділеттің қайта шаңырақ көтергені белгілі болғаннан кейін әлеуметтік желіде оның жары атанған қызға қатысты түрлі ақпарат тарады. Желі қолданушылары қызды марқұм Ұлдана Мырзуанмен бірге жұмыс істеген, тіпті жақын құрбысы болған деген пікірлер жазып, осыған байланысты оны сынға алды.
Осыдан кейін қыздың апа-сіңлілері әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, тараған ақпаратты жоққа шығарды. Қыздың сіңлісі Хадиша Қошқарқызының желі қолданушыларын негізсіз айып тағудан бас тартуға шақырды.
"Барлығың жалған ақпарат таратып, сонымен батыр болып жүрсіңдер. Әпкем туралы өтірік жала жауып, түрлі өсек таратып, содан хайп жинаудың не керегі бар? Әр адам өз өмірін өзі сүреді, өз ісіне өзі жауап береді. Мән-жайды білмей жатып осыншама ауыр сөздерді қалай айтасыңдар? Менің әпкемнің қандай отбасынан шыққанын, осы уақытқа дейін қандай өмір сүргенін ешқайсысың білмейсіңдер. Ол марқұм Ұлданамен де дос болмаған, Әділетті де бұрын мүлдем танымаған. Осындай негізсіз әңгімелеріңмен әпкемнің көз жасына қалып отырсыңдар. Біреудің жеке өміріне араласып, өсек таратуды доғарыңдар. Әр төгілген көз жасы үшін жауап бересіңдер", – деп жазды Хадиша Қошқарқызы.
Ер адамның жары атанған қыздың тағы бір әпкесі Мырзалиева да желідегі хейтке қатысты үн қатып, әпкесін орынсыз айыптамауға шақырды.
"Әпкеме қатысты жаман сөздер жазуды тоқтатыңдаршы, өтініш. Ол ондай сөздерге лайық адам емес. Егер айтатындарың болса, маған жазыңдар. Бірақ орынсыз хейт пен өсекке жол бермеймін. Әпкем туралы тарап жатқан ақпарат, біржақты әрі бұрмаланған. Сырттан отырып үкім шығару ешкімді ақылды етпейді. Әркім өз өмірі үшін өзі жауап береді. Біреудің жеке өміріне араласып, өсек таратудың қажеті жоқ. Егер нақты дәлел болмаса, үндемей қалған дұрыс", – деп жазды Мырзалиева.
Алайда қыздың туыстарының жазбалары да желі қолданушыларын тоқтата алмады. Керісінше, олардың мәлімдемелерінен кейін пікірталас одан әрі күшейіп, көпшілік өз көзқарасын білдірді.
"Қыздың туыстары өз әпкелерін ақтап жатыр. Бірақ қыздың өзі де сәл күте тұруына болар еді", "Бастарыңа келсін дейді, біздің басымызға келсе, жақынымыздың басына келсе сол адамның жылдық асын өткізбей үйлендірмейміз. Үйленбейміз де, айналайын. Керек болса, бірінші шек асы дейтін бе еді, соны беріп барып қана той жасаймыз. Шүкір ондай ұятсыз отбасы емеспіз", "Ұлдананың орнында өз әпкесі болғанда, бәрі басқаша әрекет етер еді.Ұлдананың туыстары тойдың шырқын бұзбағанына рақмет айтуы керек", "Бізге оның қайта үйленгені емес, марқұмның өлімінен кейін берілген 20 миллион теңге әлеуметтік көмек пен көлік мәселесі түсініксіз. Егер басқа отбасы құрған болса, бұл қаражаттың кімге тиесілі болуы керек деген сұрақ туындайды", – деп жазды желі қолданушылары.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына берілген 20 миллион теңгені кім алды: Әкімдік жауап берді