"Алдымыздан өткен жоқ": Марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы күйеу баласының қайта шаңырақ көтеруіне байланысты мәлімдеме жасады

Астанада көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Салима Ершанқұлқызы күйеу баласы Зейнет Әділеттің қайта шаңырақ көтеруіне байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұм Ұлдана Мырзуанның анасының мүддесін қорғаушы Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Салима Ершанқұлқызының айтуынша, ол қоғамда туындаған сауалдарға байланысты түсініктеме беруді жөн көрген.
Оның сөзінше, күйеу баласы Зейнет Әділет те, оның отбасы да қайта үйленер алдында қайын жұртының алдынан өтіп, рұқсат сұрамаған. Сондай-ақ Салима Ершанқұлқызы қызының өліміне қатысты іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған Зейнет Әділеттің бұл мәртебеден бас тартқанын қалайтынын жеткізді.
“Мен Мырзуан Ұлдана Қалдарханқызының анасы Салима Ершанқұлқызы. Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығып отырмын. Әділеттің бүгінгі іс-әрекетіне көпшілік “Алдарыңыздан өтті ме?” деп сұрап жатыр. Жоқ, алдымыздан өткен жоқ. Ата-анасы да, үлкендері де алдымыздан өтпеді. Тағы бір айта кететін жайт, қызымның тергеуі болып жатыр. Әділет жәбірленуші ретінде танылған, енді бұл жәбірленуші ретінде бас тартқанын қалаймын”, – деді ол.
Бұдан бөлек, Ұлдана Мырзуанның анасы қызының көлігі мен 17 жасынан бастап жинаған зейнетақы қорындағы қаражаттың тағдырына тоқталды. Оның айтуынша, заңға сәйкес көлік ата-анасына, ал зейнетақы қорындағы жинақ Зейнет Әділетке берілген.
“Ал қызымның өз маңдай терімен алған көлігі және 17 жасынан бастап жинақталған зейнетақы қорындағы ақшасы бар еді. Заң талабына сәйкес, зейнетқордағы қаражат Әділетке берілді. Ал көлік ата-анасына қалдырылды. 22-ші шілдеден бастап біздің өзіміздің атымызға аударылды. Осы уақытқа дейін, яғни 18 қарашадан кешегі шілденің 22-не дейін Әділетте болды көлік. Анасы ретінде қызымның заңды мүдделерін қорғауға өз ниетімді білдіремін”, – дедіСалима Ершанқұлқызы.
Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде Астанада былтыр қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Зейнет Әділеттің қайта шаңырақ көтергені қызу талқыға түсті. Марқұмның қазасынан кейін ол әлеуметтік желіде жарына арнап әсерлі жазбалар жариялап, қайғысын бөліскен болатын. Алайда арада сегіз ай өткен соң оның қайта үйленгені белгілі болды.
Бұл жағдай желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Көпшілік әйелінің дүниеден өткеніне бір жыл толмай жатып қайта шаңырақ көтергеніне таңданысын білдіріп, сын пікірлер жазды.
Еске салайық, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Марқұмның жұбайы Зейнет Әділет сол кезде әлеуметтік желіде жарына арнап бірнеше жан тебірентерлік жазба жариялап, ешқандай марапат пен жұбату сөздері сүйікті жарын қайтара алмайтынын айтқан еді. Сондай-ақ ол тергеудің әділ жүргізіліп, қайғылы оқиғаға кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етті. Бұған қоса, жұбайына арнап жүрекжарды өлең жолдарын арнап, "Сен менің мәңгі жанымдасың, жүрегімдесің" деп жазған болатын.
Сондай-ақ Зейнел Әділет Stan.kz агенттігіне берген сұхбатында Ұлданамен небәрі екі апта бұрын ғана шаңырақ көтергендерін айтып, оның мейірімділігі мен адамгершілігін еске алған еді.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
Астана қаласының әкімдігі де марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеп, жерлеу рәсіміне кеткен шығындарды өтеу, сақтандыру және заңда көзделген әлеуметтік төлемдер қарастырылатынын хабарлады.
Кейін Астанадағы қалалық жедел жәрдем станциясының ғимаратына Ұлдана Мырзуанға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Ашылу рәсіміне денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, марқұмның анасы, туыстары мен әріптестері қатысты. Сонымен қатар Ұлдана оқыған "Даналық" медицина колледжінде оның есімі берілген арнайы аудитория ашылды.
Бұдан бөлек, Ұлдананың туған ауылы – Түркістан облысы Жетісай ауданындағы Үтіртөбе елді мекенінде де ауыл тұрғындарының бастамасымен ескерткіш тақта қойылды. Салтанатты шарада ауылдастары мен әріптестері оның кәсіби адалдығы мен жанқиярлығын еске алып, рухына Құран бағыштады.
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтерді
Оқыңыз
Оқыңыз