Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуан ісі: Сотта тұрғын үйдің қасбеті опырылған сәт көрсетілді (видео)

Видеожазба
Фото: Видеодан скрин

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот жалғасып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот қылмыстық іс материалдарын зерттеуге кірісті. Сот отырысы барысында үйдің қасбеті құлаған сәттің бейнежазбасы көрсетілді.

Сыртқы бейнебақылау камерасына түсірілген кадрлардан ғимараттың қасбетінің опырылып құлағанын көруге болады. Осыдан кейін аспанға қою шаң көтерілген.

Шаң басылған соң, ағаштардың жанындағы темір қоршаудың маңынан құлаған қаптаманың бөліктері көрінеді. Қасбет бөлшектерінің бірі жол жиегінде тұрған көліктің үстіне құлаған.

Көп ұзамай оқиға орнына жедел жәрдем көлігі келеді. Артынша ТЖМ мен полиция қызметкерлері де жетіп, аумақты қоршауға алған. Бұдан кейінгі оқиғалар сотта көрсетілген жоқ.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді. 

Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. 

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді. 

20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 22:12