Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Силикат кірпіштер бөлшектерден құралған, арматуралық тор жоқ": Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта тұрғын жаға ұстатарлық жайтты айтты

сот
Фото: ҚР Жоғары Соты

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сотта оқиға болған үйде ғимарат салынғаннан бері тұрып келе жатқан тұрғын куәлік етті. Оның сөзінше, үйдің қабырғаларында бұрыннан жарықтар болған, алайда тұрғындарға бұл жаңа ғимараттың шөгуіне байланысты қалыпты жағдай деп түсіндірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Үй салынғаннан бері осында тұрамын. Бастапқыда қабырғаларда кішігірім жарықтар болды. Бізге жаңа үй шөккен кезде осылай болуы мүмкін деп түсіндірді", – деді куәгер сотта.

Алайда тұрғынның айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашадағы қайғылы оқиғадан кейін үйдің екінші кіреберісінде техникалық нығайту жұмыстары жүргізілген. Құлау қаупін азайту үшін қасбеттегі кірпіштердің бір бөлігі алынып, ғимарат қосымша бекітілген. Бұл жұмыстар былтыр желтоқсан мен биыл қаңтар айларында жүргізілген. Дегенмен куәгер қазір үйде жаңа жарықтар пайда болғанын айтады. Оның сөзінше, шамамен екі апта бұрын тоғызыншы қабаттағы дәліз қабырғалары қатты жарыла бастаған. Техникалық қабатта да қабырғалардың ажырауы байқалады.

"Арнайы маяктар қойылған. Егер жарық ұлғайса, олар сынады. Қазір сол маяктар біртіндеп сынып жатыр. Бұрын жарықтар тоғызыншы қабаттан жетінші қабатқа дейін болса, қазір одан да төмен түсе бастады. Біз қорқып отырмыз", – деді тұрғын.

Куәгердің айтуынша, тұрғындар жағдайға байланысты түрлі мемлекеттік органдарға хат жолдап жатыр. Олар үйдің қасбетіндегі кірпіштер тағы құласа, балалар алаңына түсуі мүмкін деп қауіптенеді.

"Қазір барлық органға хат жазып жатырмыз. Себебі кірпіштер тағы құлайтын болса, балалар алаңына түсуі мүмкін. Үйге жанынан қарасаңыз, қирау әрі қарай жалғасып жатқанын көруге болады", – деді ол.

 

Сондай-ақ куәгер сотта үйге жүргізілген сараптама туралы айтты. Оның сөзінше, 2026 жылғы 26 ақпандағы сараптама нәтижесінде ғимарат апат алдындағы жағдайда деп танылып, оған төртінші санат берілген.

Тұрғын үйдің қалай салынғанына қатысты да сұрақтары барын жеткізді. Оның сөзінше, қабырғалардағы силикат кірпіштердің арасында арматуралық тор болмаған.

"Сараптамадан кейін үй апат алдындағы жағдайда деп танылып, төртінші дәреже берілді. Силикат кірпіштер бөлшектерден тұрады, арматуралық тор жоқ. Мұндай үй қалай салынды, оны қалай қабылдап алды деген сұрақ бар. Үй кез келген уақытта құлауы мүмкін", – деді куәгер.

Бұдан бөлек, сотта үйдегі дүкен мен жертөлеге қатысты бірнеше жылға созылған дау туралы айтылды. Куәгердің сөзінше, 24 және 24Б үйлерінің арасындағы өткел шамамен 2015 жылы дүкен ашылғаннан кейін пайда болған. Ал 2020 жылы тұрғындар жертөленің шамамен 200 шаршы метр аумағы сатылып кеткенін білген. Осыдан кейін меншік иелері сотқа жүгіне бастаған. Куәгер бұрынғы ПИК төрайымы Айгүл Әлжанова жертөлені сатуға келісім алу үшін тұрғындардың қолдарын қолдан жасаған деп мәлімдеді. 

"Ол жертөлені сатуға келісім алу үшін әр тұрғынның қолын қолдан жасаған. Осылайша біздің жертөлемізді заңсыз сатып жіберді", – деді ол.

Тұрғынның айтуынша, егер жертөле тұрғындардың меншігінде қалған болса, оны жалға беріп, одан түскен қаражатты үйді күтіп ұстауға жұмсауға болар еді.

Еске салсақ, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 02 Қыркүйек, 2026 11:10