Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі 20 миллион теңге өтемақыны қайда жұмсағанын айтты
Астанада 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өлімі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 20 тамызда сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жерлеу рәсімінен кейін 19 қарашада Астана әкімдігі Әділет Зейнел мен Ұлдананың әпкесі Ақнұрды шақырған. Онда депутаттар, әкім мен әкім орынбасары болған. Оған 20 миллион теңге қолма-қол берілді. Сонымен қатар қолхат, ешқандай құжат көрсетілмеді дейді.

Прокурор ақшаның қайда жұмсалғанын және екінші жәбірленуші, яғни Ұлдананың анасына қанша ақшаны бөліп бергенін сұрады.
“3 күнде көліктің кредитін жаптым. Оған 9 миллиондай кетті. Сосын банкке бардық, оның шоты бұғатталып қалыпты. Ол айына 215 мың несие төлеген. Банкте жалпы 4,2-4,3 миллион теңгедей несие болды. 4,5 миллион теңгені анасына бердік. Одан бөлек кішігірім шығындар болды. Садақаға бердік, қой алдық”, – деді ол.
Ал 18 қарашада болған асты жедел жәрдем қызметкерлері ақша жинап, ұйымдасытырып берген екен.
Сондай-ақ прокурор одан не себепті істің ортасында жәбірленуші болудан бас тартқанын сұрады.
“Мен жаңа өмір бастадым, қайта үйлендім. Ұлдананың анасы БАҚ өкілдеріне шығып, менің жәбірленуші мәртебесінен бас тартуымды сұрады. Сол себепті істі әрі қарай анасы жалғастырсын дедім”, – деді Зейнел.
Ұлдана Мырзуанның әпкесі Ақнұр сотта отбасы арасындағы 20 миллион теңгеге қатысты дауға түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл қаражат мәселесін бастапқыда өздері көтермеген.
Ақнұрдың сөзінше, ақшаға қатысты әңгіме қарсы тараптың "несие бар, ақшаны қайтарыңдар" деген талабынан кейін басталған. Ол Ұлдананың көлігіне қатысты 9,2 миллион теңге несие болғанын, ал екінші несие туралы ақпарат расталмағанын айтты.
Сонымен қатар Ақнұр отбасы 20 миллион теңгенің 4,5 миллионын қайтарып алғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл қаражатты қайтаруды талап етуге қарсы тараптың қысымы себеп болған.
"Мүлік дауы жоқ. Мүлік дауы мүлдем болған жоқ", – деді Ұлдананың әпкесі.
Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.
Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді.
Мән-жайы
Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады.
Ақмолада 13 жастағы бала көкпар ойнап жүріп, қаза тапты: Туыстары оны атпен қағып өткен адамның жазасыз қалғанына наразы