Ұлдана Мырзуан қаза болған үйдің құрылыс нысанынан бірқатар ақау анықталды
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында қорғаушы тарап шақырған маманнан жауап алу басталды. Маман Вероника Лобаева сот құрылыс-техникалық сараптамасына жасаған рецензиясын таныстырып, ғимарат конструкцияларынан анықталған кемшіліктер туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Лобаеваның сөзінше, рецензия Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Асхат Әлімовтың адвокаттық сауалы негізінде дайындалған. Зерттеу үшін оған 2017 жылы жасалған техникалық қорытынды мен қылмыстық іс аясындағы сот құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысы берілген.
"Маған екі қорытынды ұсынылды. Біріншісі – 2017 жылы жасалған техникалық қорытынды, екіншісі – қылмыстық іс аясында жүргізілген сот құрылыс-техникалық сараптамасы. Мен осы құжаттар негізінде рецензия жасадым", – деді ол.
Маман өзіне берілген материалдарда кейбір архивтік және жобалық деректер, оның ішінде ғимарат іргетасына қатысты мәліметтер болмағанын айтты. Сондай-ақ оның сөзінше, 2017 жылғы техникалық зерттеу кезінде де мамандардың қолында жобалық-сметалық құжаттардың толық жиынтығы болмаған.
Сотта негізгі назар ғимараттың сыртқы қабырғалары мен кірпіш қалау сапасына аударылды. Лобаева сараптама материалдарында нақты орындалған кірпіш қалау жұмыстары мен қолда бар жобалық құжаттар және нормативтік талаптар арасында айтарлықтай айырмашылықтар көрсетілгенін мәлімдеді.
"Талдау және аспаптық тексеру барысында сарапшылар кірпіш қалаудың нақты орындалуы бастапқы жобалық құжаттамаға және нормативтік талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған", – деді маман.

Кірпіш ерітіндісінің беріктігіне қатысты не айтылды?
Лобаева 2026 жылы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, зертханалық сынақ үшін кірпіш қалауынан үлгі алу кезінде материал үгітіліп кеткен.
"Олар қажетті зертханалық зерттеулерді жүргізе алмаған, себебі үлгі алу кезінде қалау материалы бұзылып кеткен. Кейін ерітіндінің М25 маркалы екені белгілі болды. М25 ғимараттың көтергіш конструкцияларына қолданылмайды. Бұл беріктік қоры өте төмен ерітінді", – деді Лобаева.
Маман кірпіш қалауындағы байланыстыру тәртібіне қатысты да ақаулар анықталғанын айтты. Сонымен қатар жоба бойынша қарастырылған минералды мақтадан жасалған жылу оқшаулағыш материалдың орнына құрылыс кезінде пенополистирол қолданылғанын мәлімдеді.
"Жобада минералды мақтадан жасалған жылу оқшаулағыш қарастырылған, алайда құрылыс салушы оны пенополистиролға ауыстырған. Пенополистирол – жанғыш материал. Бұл ауыстырудың негіздемесі де іс материалдарында жоқ. Сыртқы көпқабатты қабырғалардың кірпішін қалау бойынша нақты орындалған жұмыстар жобалық та, типтік те, нормативтік те шешімдерге сәйкес келмейді", – деді ол.
"Бес қабатты үйге арналған шешім тоғыз қабатты ғимаратта қолданылған"
Лобаева сотта ғимараттың қабат санына да ерекше назар аударды. Оның сөзінше, сараптама материалдарында қолданылған D69 конструкциялық шешімі бес қабатты ғимараттарға арналғаны көрсетілген. Алайда ол тоғыз қабатты үйдің құрылысында пайдаланылған.
"Сарапшылардың зерттеу бөлімінде D69 торабының тек бес қабатты ғимараттарға арналғаны анық көрсетілген. Сондықтан оны тоғыз қабатты ғимаратқа қолдануға болмайды. Себебі мұндай ғимаратқа қажетті қосымша беріктік шаралары – арматураланған белдеулер немесе ғимаратқа түсетін салмақты арттыратын белдеулер қарастырылмаған", – деді маман.
Лобаеваның пікірінше, сот сарапшылары қабат санының сәйкессіздігін көрсеткенімен, қорытындыда негізгі назар басқа құрылыс ақауларына аударылған.
"Олар арматураланған белдеулердің жоқтығына, қабырғалардың дұрыс бекітілмеуіне, ерітінді сапасы мен М25 маркасының төмен болуына назар аударған. Алайда меніңше, ғимараттағы қабат санының жобаға сәйкес келмеуіне жеткілікті көңіл бөлінбеген", – деді Лобаева.
Еске салайық, бұған дейін сотта қорғаушы тарап маман Вероника Лобаева дайындаған рецензияны оқып, ондағы құрылысқа қатысты бірқатар тұжырымды жариялаған еді. Енді сот отырысына Лобаеваның өзі шақырылып, рецензияны қандай материалдар негізінде дайындағанын түсіндіріп, ғимараттан анықталған кемшіліктер туралы айтты.
"Оңай" ресейлік төлем жүйесімен байланысы бар деген күдікке ілінді: Пайдаланушылар дербес деректерінің қауіпсіздігіне алаңдады