Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлдана Мырзуанның қазасы: Қасбеті опырылған үйді салған компания неге жауапқа тартылмай отыр?

Ұлдана қаза тапқан үйдің құрылысшысы
Фото: Stan.kz

Астанадағы үйдің қасбеті опырылып, фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болғанына қарамастан, ғимаратты салған компанияның бұрынғы директоры әзірге қылмыстық жауапқа тартылған жоқ. Тергеуші оны күдікті деп тануға әрекет жасағанымен, прокуратура шешіммен келіспеген. Прокуратура бұған жобалық құжаттардың жоғалуын және үй пайдалануға берілген кездегі заңнаманы негіз еткен. Ғимараттағы ақаулар оның құрылыс кезіндегі кемшіліктерден пайда болғанын дәлелдеуге бола ма? Осы және өзге де сұрақтарды сәулет және қала құрылысы саласының сарапшысы Айдын Ақбайға қойдық.

2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы тұрғын үйдің қасбеті опырылып, бес адам зардап шекті. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасымен барған фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Қазір бұл іс бойынша үйдің мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Оған "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы өз кінәсін мойындамайды.

миб төрайымы
Фото: Жоғарғы сот

Ал үйді салған 1944 жылғы "Гражданстрой" компаниясының сол кездегі директоры Муса Гойковты күдікті ретінде тану мәселесі басқа арнаға түсті. Тергеуші 2026 жылғы 19 шілдеде оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарғанымен, прокуратура бұл шешімді келісуден бас тартты.

Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуовтің айтуынша, 2026 жылғы 19 шілдеде Астана қаласы полиция департаментінің тергеушісі құрылыс салаушы Муса Гойковты күдікті деп тану туралы қаулы шығарған. Алайда қалалық прокуратура бұл шешімді келісуден бас тартқан. Прокуратураның негізгі уәжі – үйдің бастапқы жобалық-сметалық құжаттарының табылмауы. Тергеу органдары тұрғын үйдің жобалық құжаттамасының қайда екенін анықтай алмаған. Ал мұндай құжаттарсыз 2026 жылғы 22 мамырдағы сот құрылыс-техникалық сараптамасында анықталған ақаулардың нақты құрылыс кезінде жіберілген бұзушылықтар екенін дәлелдеу мүмкін болмаған.

Осыған байланысты прокуратура тергеуші Муса Гойковты күдікті деп тануға асығыс шешім қабылдады деп есептеген. Яғни сараптама ғимаратта бірқатар құрылыс кемшілігі бар екенін көрсеткенімен, олардың құрылыс кезеңінде пайда болғанын бастапқы жобамен салыстырып растауға мүмкіндік болмаған. Прокурор Нұрдәулет Әбуов сотта тағы бір маңызды құқықтық жайтты атап өтті. Үй 2005 жылғы 2 ақпанда пайдалануға берілген кезде Қазақстанның қылмыстық заңнамасында сапасыз құрылыс салдарынан абайсызда адам өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққаны үшін дәл осы негізде қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған. Прокуратура бұл жағдайға да құқықтық баға берілуі тиіс деп санайды.

Осы екі себепке жоғалған жобалық құжаттарға және 2005 жылғы заңнамаға сүйене отырып, прокуратура 2026 жылғы 19 шілдеде Гойков Муса Омаровичті күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тартқан. Десе де, сотта жарияланған сараптама қорытындысы ғимараттағы ақаулардың жылдар бойы қалыптасқанын және олардың алғашқы белгілері 2017 жылы-ақ байқалғанын көрсетіп отыр. Осы тұста басты сұрақ қайта туындайды. Құрылыс сапасына қатысты нақты ақаулар анықталған жағдайда, бастапқы жобаның жоғалуы мен сол кездегі заңнама құрылысқа жауапты тұлғаның жауапкершілігін қаншалықты жоққа шығара алады?

“2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысын пайдалануға болады”

Осы сауалдың жауабын іздеп, қазақстандық сәулетші, сәулет және қала құрылысы саласының сарапшысы Айдын Ақбайдан сұрап көрдік.

"Құжаттардың болмауына байланысты, әрине, нақты жобасыз бірқатар мәселелерді анықтау қиын болады. Бірақ менің түсінуімше, 2017 жылы ғимаратқа техникалық тексеру жүргізілген және сол техникалық тексеру барысында құрылыс пен жобалауға қатысты нормативтік талаптардың бұзылғаны көрсетілген. Сондықтан 2017 жылғы осы техникалық тексеру қорытындысын мердігердің кінәсін анықтау кезінде құжат ретінде пайдалануға болады деп ойлаймын", – деп түсіндірді тәуелсіз сәулетші.

Жобалық құжаттама болмаған жағдайда оны алмастыра алатын басқа материалдар да бар дейді сәулетші Айдын Ақбай.

"Жобалық құжаттаманың орнын қандай құжат баса алады? Біріншіден, 2017 жылғы техникалық тексеру қорытындысын пайдалануға болады. Екіншіден, қазіргі уақытта жаңа техникалық тексеру жүргізуге тапсырыс беруге болады. Оның қорытындысында жобалық және құрылыс нормаларының қандай талаптары бұзылғаны нақты көрсетілуі мүмкін. Қажет болса, жобалық нормалардың сақталуына қатысты сараптама, соның ішінде құрылыс сараптамасы жүргізіледі. Мысалы, 2026 жылғы 22 мамырда жүргізілген құрылыс сараптамасы да бірқатар бұзушылықтарды анықтаған", – дейді сәулетші.

Маманның айтуынша, нормативтік талаптардың бұзылғаны анықталса, оны дәлелдейтін бастапқы жоба міндетті түрде қажет болмауы мүмкін.

"Мұндай сараптамалар нормативтік талаптардың сақталуын тексереді және анықталған бұзушылықтарды нақты факт ретінде көрсете алады. Сондықтан мұндай жағдайда міндетті түрде бастапқы жобалық құжаттама болуы шарт емес деп есептеймін. Егер белгілі бір бұзушылық нормативтік талаптарға қайшы екені анықталса, оның өзі тиісті дәлел бола алады. Мысалы, құрылыс барысында технологиялық талаптардың сақталмауы, белгілі бір конструкциялық немесе құрылыс жұмыстарындағы кемшіліктер нормативтік құжаттарға сүйене отырып анықталуы мүмкін. Бұл үшін міндетті түрде бастапқы жобалық-сметалық құжаттаманың болуы талап етілмеуі мүмкін", – деп атап өтті Айдын Ақбай.

Осыған байланысты сараптамалық қорытынды құрылыс салушының жауапкершілігін бағалауда маңызды дәлелдердің бірі болуы мүмкін.

"Егер белгілі бір талаптың нормативке сәйкес бұзылғаны анықталса, онда ол бұзушылық. Осы тұрғыдан алғанда, сараптамалық қорытынды құрылыс салушының немесе мердігердің жауапкершілігін анықтау үшін жеткілікті дәлелдердің бірі болуы мүмкін", – дейді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшы құрылыс салушының жауапкершілігі мен ғимаратты пайдалануға жауапты қызметтің міндетін бөлек қарау қажет екенін айтты.

"Бірақ егер құрылыс салушының кінәсі анықталса да, осы тұста оның кінәсін пайдалану қызметінің кінәсінен бөлек қарау керек. Меніңше, олардың жауапкершілігі жиынтық түрде қарастырылуы мүмкін, алайда ғимаратты пайдалануға жауапты қызметтің кінәсі бұл жерде тікелей бар. Себебі пайдалану қызметі ғимараттағы кемшіліктер мен бұзушылықтарды анықтағаннан кейін, ең әуелі, олардың қауіпсіздікке әсерін бағалап, бұзушылықтарды дереу жою бойынша шаралар қабылдауы керек еді. Негізгі мақсат – ғимараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", – деп тоқталды сәулетші.

қасбет
Фото: Stan.kz

Ақау анықталғаннан кейін ғимаратты пайдалануға жауапты тараптың міндеті тек оны тіркеумен шектелмейді. Егер кемшілік құрылыс салушының кінәсінен болғаны анықталса, оған қатысты тиісті талаптар қойылып, келтірілген залалды өтеу мәселесі көтерілуі керек. Пайдалану қызметі анықталған ақаулар мен келтірілген залалға байланысты құрылыс салушыны жауапкершілікке тарту немесе залалды өтеу мәселесін көтеруге тиіс еді дейді сәулетші.

"Яғни, егер құрылыс салушының кінәсінен белгілі бір залал келтірілгені анықталса, ғимаратты пайдаланушы тарап тиісті талаптар қойып, залалды өтеу мәселесін қарастыруы керек еді. Ал егер мәселе ғимаратты кейін пайдалану емес, құрылыс жұмыстарының өзінде кеткен технологиялық бұзушылықтарға қатысты болса, жауапкершілік мердігердің әрекеті арқылы бағалануы тиіс. Жобалаушының жауапкершілігін анықтау үшін бастапқы жоба мен қосымша құжаттар қажет. Дегенмен жобалаушының кінәсін дәл анықтау қиынырақ. Себебі қазір бастапқы жоба болмаған жағдайда, жобалаушы қандай шешімдерді бастапқыда қарастырғанын анықтау мүмкін емес. Мүмкін, жобалаушы барлық қажетті шешімді жобада қарастырған шығар, ал кейін құрылыс салушы немесе басқа тараптар сол талаптарды орындамаған болуы мүмкін", – дейді маман.

Маманның айтуынша, құрылыс барысындағы бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, талаптардың сақталуын бақылау – техникалық қадағалаудың міндеті. Сондықтан талаптар бұзылып, оған қадағалау тарапынан тиісті шара қолданылмаса, оның жауапкершілігі де қаралуы мүмкін.

Сотта көпқабатты үйдің қалай салынғаны да сөз болды. Қорғаушының айтуынша, ғимараттың қабат саны мен құрылыста қолданылған тәсіл бір-біріне сәйкес келмеген. Күдікке ілінген мүлік иелері бірлестігінің басшысының адвокатының сөзінше, құрылыс салушы қолданған 2.130-8 типтік сериясы бес қабатқа дейінгі ғимараттарға есептелген. 

Алайда іс жүзінде осы схема бойынша тоғыз тұрғын қабат және техникалық қабат салынған. Соның салдарынан конструкцияға шамадан тыс салмақ түскен. Бұған қатысты қосымша есептік негіздеме жасалмаған. Сонымен қатар нысанда жобада қарастырылған монолитті темірбетон белдеулер болмаған дейді қорғаушы.

Атап айтқанда, құрылыс материалдарының сапасына да қатысты мәселелер көтерілген. Атап айтқанда, 8 және 9-қабаттардағы кірпіш қалау ерітіндісінің беріктігі өте төмен болғаны, қаптама кірпішті негізгі қабырғаға бекіту талаптарының сақталмағаны және кірпіш арасындағы жіктердің ерітіндімен толық толтырылмағаны айтылған. Осы тұста мұндай кемшіліктердің ғимараттың қауіпсіздігіне қаншалықты әсер ететінін сәулетшіден сұрап көрдік.

Сәулетші Айдын Ақбайдың айтуынша, егер бастапқы жобада бес қабат қарастырылып, кейін қосымша қабаттар заңсыз салынған болса, жағдайды бөлек зерттеу қажет.

"Егер ғимараттың бастапқы жобасында белгілі бір қабат саны қарастырылып, кейін заңсыз түрде тағы екі қабат қосылған болса, онда сол қосымша екі қабаттың жобалық құжаттамасыз салынғаны туралы мәселе туындайды. Бұл жағдайда жобалаушының кінәсі ең төмен деңгейде болуы мүмкін, себебі ол қосымша қабаттарды жобаламаған болуы ықтимал. Бірақ мұны нақты құжаттар мен сараптама арқылы ғана анықтауға болады", – деп түсіндірді Айдын Ақбай.

Сарапшы бұл істің ескіру мерзімі мен заңның кері күші сияқты мәселелерге заңгерлер ғана нақты құқықтық баға бере алатынын айтады. Ал техникалық жағына келгенде, істі толық бағалау үшін қосымша есептеулер мен зерттеулер қажет деп санайды. Оның пікірінше, жауапкершілікті алдымен ғимаратты пайдаланған тараптан, кейін мердігер мен техникалық қадағалаудан қарастырған жөн. Ал жобалаушының кінәсін нақты құжаттарсыз анықтау қиын. 

тұрғын үй
Фото: earth.google.com

Сондай-ақ сарапшы ғимаратқа қатысты жобалық және пайдалану құжаттары нысанның бүкіл қызмет ету кезеңінде сақталуы тиіс екенін атап өтті. Құжаттар жоғалған жағдайда оларды қалпына келтіру және ғимаратқа техникалық тексеру жүргізу қажет дейді ол.

"Егер қандай да бір құжаттар жоғалып кеткен болса, оларды қалпына келтіру қажет. Қажет болған жағдайда ғимаратқа техникалық тексеру жүргізіліп, бастапқы жобалық шешімдерді анықтау керек. Қалай болғанда да, бұл мәселе ғимаратты пайдалану процесіне қатысты. Сондықтан қазіргі жағдай бойынша негізгі жауапкершіліктің бір бөлігі ғимаратты пайдалануға жауапты қызметке тиесілі деп есептеуге болады", – дейді тәуелсіз сарапшы Айдын Ақбай.

Соңында сарапшы құрылыс сапасы мен ғимаратты кейінгі пайдалану кезеңіндегі жауапкершілікті араластырмау қажет екенін атап өтті.

"Бұл жерде бірнеше мәселені бір-бірінен ажыратып қарау қажет. Біріншісі – құрылыс сапасы, екіншісі – ғимаратты пайдалану және күтіп ұстау, үшіншісі – ғимараттың жобалық талаптарға сәйкес салынуы. Мысалы, жобада бес қабат қарастырылып, іс жүзінде тоғыз қабат салынса, бұл жеке зерттеуді қажет ететін мәселе. Яғни, жиырма жыл бұрын бұл қосымша төрт қабатқа кім және қандай негізде рұқсат бергенін анықтау керек. Бұл бастапқы құрылысқа қатысты жеке тергеу мәселесі. Ал ғимараттың қазіргі техникалық жағдайы мен оның пайдаланылу кезеңіндегі жағдайы басқа мәселе. Құрылыс сапасына қатысты сұрақтар сол кездегі құрылысқа байланысты жеке қаралуға тиіс”, – дейді сарапшы Айдын Ақбай.

Ал кейінгі жылдардағы ғимараттың жағдайына (МИБ) оны пайдалануға жауапты қызметтердің жауапкершілігі бағалануы керек дейді ол.

Айым Атамбаева
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 17:46