"Оңай" картасының ресейлік "Золотая корона" жүйесімен қандай байланысы бар: Алматы әкімдігі түсініктеме берді
Алматыда қоғамдық көліктерде жолақы төлеуге арналған “Оңай” жүйесі ресейлік “Золотая корона” төлем сервисінің сайтында көлік карталарының бірі ретінде көрсетілген. Осыған байланысты желі қолданушылары жолаушылардың дербес деректері Ресейге беріле ме, деген сауал қойды. Ал Алматы әкімдігі мұны жоққа шығарды. Олардың мәліметінше, жолаушылардың дерегі Қазақстан аумағындағы қызметтерде сақталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бәрі неден басталды?
Әлеуметтік желіде “Оңай” көлік картасы мен ресейлік “Золотая корона” төлем жүйесінің байланысына қатысты мәселе көтерілді. Аталған жағдай Threads платформасында талқыланды. Желі қолданушыларының бірі жолаушылардың дербес дерегіне алаңдаушылық білдірді.
“Золотая корона” Ресейдің төлем жүйесі. Ол АҚШ санкцияларына іліккен. Қазақстандағы қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуге Ресейдің төлем жүйесі не үшін араласады? Адам “Оңай” картасын рәсімдеген кезде Жеке сәйкестендіру нөмірін, куәлік деректерін және басқа да мәліметтерін береді. Демек, менің жеке деректерім ресейлік төлем жүйесімен байланысты болуы мүмкін бе? Бұл қандай негізде жүзеге асырылады? “Оңай” жүйесінің иелері “Золотая коронамен” қандай байланысы барын ашық әрі нақты түсіндірсе екен. Өйткені ЖСН – автобус нөмірі емес”, – деп жазды ол.
Басқа қолданушылар да осы мәселеге алаңдаушылық білдірді.
“Оңай” картасы “Золотая корона” сайтында олардың көлік карталарының бірі ретінде көрсетілген. Ол елдің платформасын пайдаланғаны әкімдікке ұят”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

“Бұл тікелей заң бұзушылық емес пе? Дербес деректер Қазақстан аумағында орналасқан қызмет дерекқорында сақталуы тиіс. Ал мұнда деректер Ресейдегі агрегатор арқылы өтеді”, – делінген пікірде.
“Автобуста “Оңай” құрылғысының суретіне қараңыздаршы. Онда “Золотая корона” деп анық жазылып тұр. Бұл "Оңай" жүйесі тарапынан жіберілген үлкен қателік әрі заңсыздық. Біз көлік картасын рәсімдеген кезде жеке сәкестендіру нөмірімізді, жеке құжатымыздың дерегін береміз, банк карталарын байланыстырамыз, баламыздың құжаттарын тіркейміз. Ал енді осы ақпараттың барлығы халықаралық санкцияларға іліккен ресейлік жүйенің бағдарламалық жасақтамасы мен процессингі арқылы өтеді деген ақпарат тарады. Шетелдік санкцияға іліккен сервистің біздің елдегі жолаушылардың дербес дерегіне қандай қатысы бар?!”.
Алматы әкімдігі не дейді?
Ал Алматы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олар жолаушылардың дерегі Қазақстан аумағындағы қызметтерде сақталатынын мәлімдеді.
“Ақпараттық кеңістікте жолаушылардың дербес дерегі Ресей компаниясында сақталады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Компания деректерді сақтау және өңдеу үшін Қазақстан аумағында орналасқан өзінің инфрақұрылымын, серверлік қуаттарын және дерекқорларын пайдаланады. Сонымен қатар дербес деректерді жинау және өңдеу жұмыстары Қазақстан аумағында жүзеге асырылады. Бұл үшін Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай отандық бағдарламалар қолданылады”, – делінген жауапта.
“Золотая корона” туралы не белгілі?
“Золотая корона” – 1994 жылы Ресейдің Новосибирск қаласында іске қосылған төлем сервистері жүйесі. Ол 25 жылдан астам уақыт бойы Ресей және ТМД елдерінің қаржы нарықтарында жұмыс істейді. Негізгі қызметтерінің бірі – ақша аударымдарын жүзеге асыру және несие төлемдерін қабылдау.

Сервис онлайн және серіктес банктер, пошта бөлімшелері мен басқа да қызмет көрсету орындары арқылы жұмыс істейді.
Жүйенің операторы ретінде Ресейдегі “Платежный центр” банктік емес кредиттік ұйымы көрсетіледі.
Қазақстан нарығында “Золотая корона – Денежные переводы” 2008 жылы шыққан. Сол жылы 20 қазанда “Каспий банкі” жүйемен серіктестік бастағанын жариялаған. Сол кезде Қазақстан “Золотая коронаның” жеке қызмет көрсету пункттері болмаған ТМД-дағы соңғы ел болғаны айтылған.
Санкцияға қатысты: 2026 жылы Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкциялар тізіміне “Золотая корона” жүйесінің операторы – “Платежный центр” компаниясын да енгізді. Осыған байланысты “Золотая корона” арқылы халықаралық ақша аударымдарына, соның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы аударымдарға қатысты шектеулер пайда болды.
Жүйедегі вакансия мәселесі дау тудырды
Бұл жағдайдан бөлек “Оңай” жүйесіне қатысты тағы бір мәселе пайда болды. Қазақстандық HeadHunter қызметінен “Оңай” жүйесінің вакансиясын көргенін айтты. Онда қазақ тілін білу “міндетті емес”, ал Ресей дипломының болуы “артықшылық” деп көрсетілген.
"Оңай” жүйесі – Алматыдағы автобус жолақысын төлейтін компания. Шынымды айтсам, көріп жағамды ұстадым. Вакансияда қазақ тілін білу “міндетті емес”, ал Ресей дипломының болуы “артықшылық” деп көрсетілген. Олар шынымен осылай жазып қойған. Бұл қандай талап болғаны? Қазақстанда, Алматыда жұмыс істеп отырған компанияның мұндай талаптарын кім ойлап тауып, кім бекітеді? “Оңайды” жою керек”, - деп жазды желі қолданушысы.
Бірақ олар HeadHunter қызметіне жариялаған вакансиясын желідегі даудан кейін өшіріп тастаған.
“Оңайдың” өшірілген вакансиясын көрдіңіздер ме? Алматыдағы қоғамдық көлік үшін біздің ақшамызды жинайтын компания қазақ тілін білуді “міндетті емес” деп көрсеткен, ал Ресейдің дипломын артықшылық санаған. Бұл – мамандарды ашық түрде кемсіту және Қазақстандағы мамандарға деген құрметсіздік. Вакансияны өшіріп тастағаны да оларды жауапкершіліктен құтқармайды. Скриншоттар сақтаулы. Мұндай жағдайды елеусіз қалдыруға болмайды. Бүкіл жерге таратыңыздар”, – деп жазды бірі.
“Оңай” – қоғамдық көлік жүйесінде жұмыс істеу үшін әкімдік мақұлдап, таңдаған компания. Сондықтан оған бойкот жариялау қиын болады. Бұл жерде ең алдымен сұрақ әкімдікке қойылуы керек. Өйткені жолақысын төлеу жүйесінің операторы ретінде “Оңайды” таңдаған да, осындай жағдайға жол берген де – әкімдік”, – деп жазды бірі.
Аталған жағдайға қатысты Алматы қаласы әкімдігі пікір білдірді. Олар мұны да шындыққа сәйкес келмейді деп хабарлады.
“Алматы қаласының көлік холдингі” ЖШС ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Компания мұндай мазмұнда және осындай талаптармен ешқандай вакансия жарияламағанын айтты. Оған қоса әлеуметтік желідегі жазбаларға қоса берілген скриншоттың қолдан жасалғанын мәлімдеді. Серіктестік аталған әрекетті өзінің іскерлік беделіне нұқсан келтіруге және аудиторияны адастыруға бағытталған қасақана әрекет деп бағалайды”, – делінген хабарламада.
Компания мәліметінше, қазірдің өзінде Threads әлеуметтік желісінде тиісті түсініктеме берілген. Сонымен қатар холдинг жалған ақпарат таратқан бастапқы дереккөзді анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінуді жоспарлап отыр екен.
"Оңай" картасының ресейлік "Золотая корона" жүйесімен қандай байланысы бар: Алматы әкімдігі түсініктеме берді