"Радиодан естісем, өшіріп тастаймын": Алтынбек Қоразбаев жастардың хит әндеріне баға берді
Әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев “Кешкі Алматы” ойын-сауық бағдарламасында қазіргі жастар арасында танымал бірнеше әнді тыңдап, оларға өз бағасын берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесіне алғашқылардың бірі болып Alem-нің “Күйім” әні ұсынылды. Композитор туындының мәтіні көңілінен шықпағанын жасырмады.
“Мынаның сөзі сөз емес қой, тегі. Мен мұндай әнді радиодан естіп қалсам, өшіріп тастаймын. Мен әннің сөзіне мән беріп тыңдаймын. Әннің сөзі мен әуені қатар жүруі керек”, – деді ол.
Алтынбек Қоразбаев бұл әнге 2 деген баға қойды.

Ал Садраддиннің “Melodrama” әні композитордың көңілінен шыққан. Ол туындыны тыңдап болған соң пікірін қысқа қайырды.
“Маған ұнайды”, – деді әнші.
Бұдан кейін өнер иесі Yenlik-тің “Мейлі” әнін тыңдады. Қоразбаев бұл туындыны жоғары бағалағанымен, рэп жанрына қатысты өз ойын да айтты.
“Бұл әнге бес деген баға қояйын. Бірақ бұл қазақы ән емес. Өйткені рэп әзірге қазақтың қанына сіңбей жатыр”, – деді ол.
Сондай-ақ композитор Kalifarniya-ның “Hello” әніне де пікір білдірді. Алайда бұл туындыдан ұлттық нақышты сезбегенін айтты.
“Қазақы иіс көріп тұрған жоқпын”, – деп, әнге 3 деген баға қойды.
Еске салайық, бұған дейін Алтынбек Қоразбаев Мақпал Жүнісоваға арнап ән жазғанын мойындағаны хабарланған еді.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді