Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Nazarbayev University беделді халықаралық рейтингте екі жыл қатарынан жүз сатыға жоғарылады

Назарбаев университетіNazarbayev University екінші жыл қатарынан Times Higher Education (THE) World University Rankings рейтингіндегі нәтижесін 100 сатыға жақсартты. Осылайша, екі жыл ішінде университет рейтингте 200 сатыға көтерілді.

2024 жылы NU 501-600 аралығында болса, келесі рейтингте 401-500 тобына енді. Ал биылғы рейтингте университет 376–400-орындар аралығынан көрінді.

Сонымен қатар Nazarbayev University Қазақстан мен Орталық Азиядағы жоғары оқу орындары арасында бірінші орнын сақтап қалды. THE World University Rankings әлемдегі ең беделді университет рейтингтерінің бірі. Биыл рейтингке 118 ел мен аумақтан рекордтық 2 297 университет енді. Бұл былтырмен салыстырғанда 106 университетке көп.

Халықаралық бәсекелестік күшейгеніне қарамастан, NU екі жыл ішінде әлем университеттерінің үздік 23%-ынан үздік 17%-ына көтерілді.

THE университеттерді білім беру сапасы, зерттеу ортасы, зерттеулердің сапасы, халықаралық ашықтық және индустриямен байланыс сияқты бес бағыт бойынша бағалайды. Жаңа рейтингте NU көрсеткіштерін барлық дерлік бағыт бойынша жақсартқан.

Ең жоғары нәтижесі зерттеулердің сапасы бойынша болып отыр. Осы көрсеткіште NU-дың нәтижесі Женева университеті, Аризона университеті және Рочестер университетімен салыстырмалы деңгейде. Осылай университет зерттеулерінің халықаралық ықпалы артып келе жатқанын көрсетеді.

NU президенті Вакар Ахмад университет қауымы мен Қазақстанды осы нәтижемен құттықтап, бұл жетістіктің еліміздің жоғары білім беру жүйесі үшін де маңызды екенін атап өтті.

"Ең әуелі, NU қауымын және Қазақстанды осы нәтижемен құттықтағым келеді. Қазақстандық университет алғаш рет әлемдегі жетекші университет рейтингтерінің бірінде осындай деңгейге жетіп отыр. Мұндай көрсеткіш тек университетіміз үшін ғана емес, еліміздің жоғары білім беру жүйесі үшін де маңызды жетістік. Осы нәтиженің артында NU оқытушыларының, зерттеушілерінің, студенттері мен қызметкерлерінің көп жылғы еңбегі тұр. Университеттің ғылым мен білімінің дамуына үлес қосып жүрген әрқайсысына алғыс айтамын", – дейді Вакар Ахмад.

NU-да білім алуға деген қызығушылық та артып келеді. Биыл университетке түсуге 12 мыңға жуық адам өтініш берген. Ал шетелдік студенттерді қабылдау көлемі университет тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі де жоғары 95%-дан астам.Аталған нәтижелер NU-дың академиялық беделі мен Қазақстандағы және шетелдегі университетке деген сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Халықаралық рейтингтердегі өсім университеттің тұрақты дамуын және жаһандық академиялық қауымдастықтағы рөлінің күшейіп келе жатқанын аңғартады.

Биылғы рейтингте Қазақстаннан 10 университет орын алды. Олардың қатарында:

  • С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (1201-1400); 
  • әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1401-1600); 
  • Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті (1401-1600); 
  • Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1601-1800) бар. 
Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 15:00