A’Studio тобы Алматыға арнап қазақ тілінде ән шығарды
Танымал A’Studio тобы Алматыға арнап Jañbyrdan son (“Жаңбырдан соң”) атты жаңа ән шығарды. Туынды барлық цифрлық платформада жарық көрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ән Алматы күніне орай ұсынылған. Топ үшін бұл қаланың орны бөлек, себебі A’Studio-ның шығармашылық тарихы дәл Алматыдан басталған.
Туындыны топтың солисі Кети Топурия қазақ тілінде орындаған. Бұл жаңалық жанкүйерлерді ерекше қуантты.

Топтың негізін қалаушы әрі жетекшісі Байғали Серкебаев жаңа әннің өздері үшін айрықша маңызы барын айтты.
“Біз үшін бұл – ерекше ән. Біз де, жанкүйерлеріміз де қазақ тіліндегі әнді көптен күттік. Міне, көптен күткен туынды жарық көрді”, – деді ол.
Жаңа ән көп ұзамай тыңдармандардың жылы пікіріне ие болды. Әсіресе көпшілік Кети Топурияның қазақша орындауын атап өтті.
“A’Studio не шығарса да, хит болады. Қазақ болмасам да, Кетиге қазақша орындағаны үшін ерекше құрмет. Бұл күтпеген әрі өте жағымды болды. Алматыға лайықты сыйлық”, “Керемет ән”, “Қазақша соншалықты жақсы айтып тұрсыз, тілді еркін меңгерген адам секілді”, “Жаным, қандай әдемі тіл”, – деп жазды тыңдармандар.
Топ мүшелері әннің мұқабасына да ерекше мән берген. Синглдің мұқабасына суретші әрі музыкант Фархат Ибрагимовтың картинасы таңдалған. Ол кезінде Aray тобының алғашқы құрамында бас-гитарада ойнаған. Кейін осы ұжымның негізінде Almata, одан соң A’Studio тобы құрылған.
"Оңай" картасының ресейлік "Золотая корона" жүйесімен қандай байланысы бар: Алматы әкімдігі түсініктеме берді