Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Швейцарияда Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа қатысты іс түпкілікті тоқтатылды

виктор және лейла храпуновтар
Фото: Лейла Храпунованың жеке парақшасы

Швейцария соты Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның отбасы мүшелеріне қатысты қылмыстық істің тоқтатылуын түпкілікті растады. Іс болжамды ақшаны жылыстатуға қатысты болған, ал сот шешіміне істің ескіру мерзімінің өтуі себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Политпросвет.kz телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Швейцарияда Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның отбасы мүшелеріне қатысты қылмыстық іс түпкілікті тоқтатылды. Бұл туралы Храпуновтар отбасы мәлімдеме жасады. Ақпаратты сот істерін зерттеуге маманданған швейцариялық Gotham City басылымы да растады.

Храпуновтардың мәліметінше, 2026 жылғы 23 маусымда Женева сотының қылмыстық істер жөніндегі палатасы Женева прокуратурасының істі тоқтату туралы шешіміне Алматы қаласы берген шағымды қанағаттандырмаған. Алматы қаласы Швейцарияның Федералдық сотына жүгінбегендіктен, шешім заңды күшіне енген.

Храпуновтар бұл шешімді өздерінің "заң алдында толық ақталғанын" білдіреді деп мәлімдейді. Себебі Швейцарияда оларға қатысты айыптау үкімі де, қылмыстық кінәлі екені туралы шешім де жоқ.

Алайда Gotham City басылымының жазуынша, маусым айында сот болжамды ақшаны жылыстату ісін тоқтатуды растаған. Бұған істің ескіру мерзімінің өтуі себеп болған. Бұдан бөлек, Басылым 2025 жылғы қазанда дәл осы сот Женева прокуратурасын тергеудің 17 ай бойы іс жүзінде тоқтап тұрғаны үшін сынға алғанын атап өтеді.

Швейцариядағы істің тоқтатылуы Қазақстанда шығарылған сот үкімінің күшін жоймайды. 2018 жылғы қазанда Алматы соты Виктор Храпуновты сырттай 17 жылға, ал Лейла Храпунованы 14 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Арнаның мәліметінше, істің тоқтатылуына "Швейцария соты Храпуновтарға тағылған барлық айыпты жалған деп таныды дегенді білдірмейді. Мәселе негізінен Қазақстандағы қылмыстық процестің материалдарын Швейцария әділет органдары үшін жеткілікті әрі сенімді негіз ретінде пайдалануға бола ма дегенге қатысты болған" деп жазылған.

2018 жылы Алматыда өткен сырттай сот процесінде Виктор және Лейла Храпуновтарға мемлекеттік мүлікті жымқыру, алаяқтық, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, пара алу және ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ұрланған мүлікті заңдастыру бойынша айыптар тағылған. Отбасына мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде залал келтірді деген айып тағылды.

Виктор Храпунов 1997-2004 жылдары Алматы қаласының әкімі болды. Кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі және төтенше жағдайлар министрі қызметтерін атқарды. 2008 жылы Швейцарияға кеткен. Храпуновқа қатысты барлық материалдарды осы жерден оқуға болады.

Еске салайық, бұған дейін Лейла Храпунова Швейцариядағы өмірі туралы YouTube арнасында жариялаған сұхбатында Женева маңындағы тіршілікті сөз еткен. Ол Швейцарияның оңтүстігіндегі, соның ішінде Женева кантоны мен оның коммуналарындағы табиғаттың ерекшелігіне тоқталған.

Храпунованың айтуынша, швейцариялықтар жаз мезгілін табиғат аясында белсенді өткізгенді ұнатады. Олар жергілікті көлдерде демалып, тауға серуендеп, су спортымен айналысады және мәдени шараларға қатысады. Ол көрермендеріне Женеваның шетін көрсетіп, өңірге видео-тур жасаған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 16:00