Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аза тұту күні TikTok-та тікелей эфирге шығып, билеген блогер 10 тәулікке қамалды (видео)

Айыпталушы
Фото: Видеодан скрин

Петропавлда аза тұту күні тікелей эфирде арандатушылық сөздер айтып, билеген блогер 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

25 қыркүйек Каспийде қаза тапқан әскери қызметкерлерге байланысты жарияланған жалпыұлттық аза тұту күнінде 42 жастағы петропавлдық блогер Ирина Антоненко тікелей эфирге шығып, ән айтып, билеген.

Көрермендер ескерту жасағаннан кейін ол бұл өзінің жеке қайғысы емес екенін айтып, қайғырған кейіп танытуға ниеті жоқ екенін айтқан.

"Менің өмірім жалғасып жатыр, өз өмірімді сүріп жатырмын. Біреу үшін қайғыру үшін, ең болмағанда, ол менің ұлым немесе күйеуім, болмаса жақын досым болуы керек. Ал мен оларды мүлде танымаймын. Біреу қайтыс болды деп, мен де аза тұтуым керек пе?", – дейді блогер.

Осыдан кейін желі қолданушылары блогерді жазалауды талап еткен. Полиция аталмыш дерек бойынша шара қабылданғанын хабарлады.

Полицияның мәліметінше, 29 қыркүйекте сот әйелді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған. 

Сондай-ақ жанжалдан кейін блогер әйелдің жұмысынан өз еркімен шығуға мәжбүр болғаны белгілі болды. Ол қаладағы ауруханалардың бірінде санитар болып жұмыс істеген.

Еске салсақ, бұған дейін қаралы күні жарнама жасаған блогер қазақстандықтарды ашуландырғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 19:56