"Бір жылдан кейін ешкім еске алмайды": Танымал блогердің аза тұту күні айтқан сөзі талқыға түсті
25 қыркүйекте Қазақстанда Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Осы күні әлеуметтік желіде блогерлердің жариялаған контенті де талқыға түсті. Соның ішінде блогер Жанбота Қойлыбаеваның стористері мен желі қолданушысына берген жауабы қызу пікірталас тудырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Қойлыбаеваның қаралы күні жарнамалық сипаттағы стористер жариялағанын айтып, наразылығын білдірген. Автордың сөзінше, қаза тапқан әскери қызметшілердің арасында бірнеше жыл бірге татамиде жаттыққан жақын адамы болған.

Кейін әлеуметтік желіде блогермен болған хат алмасудың скриншоты тарады. Онда оған қаралы күнге құрметпен қарау туралы пікір айтылған. Бұған жауап ретінде Қойлыбаева:
"Бір жылдан кейін бұл адамдарды ешкім еске де алмайды", – деп жазған.
Кейін Жанбота Қойлыбаева бұған дейін жариялаған стористерін өшіріп, жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Мұндай жағдайда ешкімге жақынынан, туғанынан, баласынан айырылуды тілемеймін. Өзім негативке көп көңіл бөлмеуге тырысамын, жаңалықтарды да көп оқымаймын. Блогерлерге немесе бірдеңе жариялаған адамдарға қысым жасау дұрыс емес деп ойлаймын. Өмір жалғасады. Дегенмен контентімді өшірдім және жарияланымдарым біреудің көңіліне тиген болса, кешірім сұраймын", – деді блогер.
Осы жауаптан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір айтыла бастады. Кей қолданушылар блогердің сөзін қаралы күнге сай емес деп қабылдап, мұндай кезде жарияланатын контентке мұқият қарау қажет екенін жазған. Басқалары адамның әлеуметтік желіде не жариялайтыны оның жеке таңдауы екенін алға тартқан.

Талқылау бір ғана блогердің жазбасымен шектелмеді. Әлеуметтік желіде қаралы күндегі өзге блогерлердің контенті де сөз болды. Мәселен, қолданушылардың бірі қазақы нақыштағы, кеуде тұсы ашық киіммен түскен фотосын жариялаған блогердің жазбасына назар аударған. Бұдан бөлек, басқа блогер қаралы күннен кейін күнделікті контентті қашан қайта жариялау орынды деген сауал көтеріп, "Сторис салуға бола ма, әлде тағы бір апта күтейін бе?" деп жазған.

Бұл мәселеге блогер Алексей Лодочников та өз көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, блогерлердің де отбасы, балалары мен жақындары бар, сондықтан қоғамдық тақырыптарға пікір білдіргенде ықтимал салдарын ескеретіндер бар.
"Мен азаматтық ұстанымымды белсенді білдіруге тырысамын. Бұл заңмен тыйым салынбаған. Бірақ қазіргі жағдайда өзім үшін белгілі бір шек бар екенін түсінемін. Сондықтан көзқарасымды барынша дұрыс әрі абайлап жеткізуге тырысамын", – деді ол.

Лодочниковтың сөзінше, кей жарияланымдардан кейін оған белгілі бір тақырыпты қозғамауды сұрап хабарласатын кездер болады.
"Кейде бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жібереді, тіпті келуі де мүмкін. Сондықтан кей жарияланымдарды өшіруге тура келеді. Блогерлердің елде резонанс тудырған жағдайларда неге кейде үндемей қалатынын осыдан түсінуге болады", – деді Алексей Лодочников.
Жалпыұлттық аза тұту күні қандай тәртіп сақталады?
Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күніне қатысты белгілі бір ресми тәртіп бар. "Мемлекеттік рәміздер туралы" Конституциялық заңға сәйкес, аза тұту кезеңінде мемлекеттік ту мемлекеттік және әкімшілік ғимараттарда ту бағанының жартысына дейін түсіріледі. Ел аумағында мәдени-бұқаралық іс-шаралар тоқтатылады.
25 қыркүйекке байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ, телерадио операторлары мен мемлекеттік органдарға да арнайы ұсынымдар әзірледі. Онда сайттардағы жарнамалық және ойын-сауық элементтерін алып тастау, ресурстарды қара-ақ түспен рәсімдеу, ойын-сауық бағдарламалары мен жарнамалық контентті шектеу ұсынылған.
Қазақстанда 2026 жылғы 25 қыркүйек тәуелсіздік алғаннан бергі 14-ші жалпыұлттық аза тұту күні болған.
Еске салайық
24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 24 қыркүйекте сағат 22:30-да премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу және жедел-іздестіру шаралары басталған. Қажетті сот сараптамалары да тағайындалған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қайғылы жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді