"Біз үшін өліп пе": Каспийдегі сарбаздардың қазасына қатысты балағат сөз айтқан ер адам қамауға алынды
Шымкентте сарбаздардың қазасына қатысты тікелей эфирде балағат сөз айтқан ер адам жауапқа тартылды. Оған қоғамға құрметсіздік танытты деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok-тағы тікелей эфирді анықтаған. Эфир кезінде 21 жастағы Шымкент тұрғыны Нұрахмет Бердібай көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап берген. Ол эфирде: “Каспийдегі сарбаздар біз үшін өліп пе” деп айтқан. Осылайша ол қоғамға анық құрметсіздік танытатын және тәртіпті бұзатын сөздер айтқан.
Сонымен қатар тікелей эфирге 22 жастағы Абзал Мұсырманқұл мен Бақдәулет Мұстафа қатысқан. Сот шешімімен Нұрахмет Бердібай 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар полиция үш азаматқа да қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту жасаған.
“Олар ішкі істер органдарында бір ай мерзімге профилактикалық есепке қойылды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Желіде ер адам Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметкердің өліміне сүйсінгені туралы жазған едік.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметкер құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді
