Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл мақтанатын өлім": Желіде қазақстандық Каспийдегі 14 сарбаздың қазасына сүйсінетінін айтып, сынға ұшырады (видео)

әскер
Фото: Видеодан скрин

Желіде ер адам Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметкердің өліміне сүйсінген. Ол видеода қайғылы қазаны “керемет өлім” деп атайды. Ол мұндай қазаны Отанды қорғау жолындағы батырлықпен байланыстырып, мұсылмандар мұндай өлімді аңсайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Бәрі неден басталды

Әлеуметтік желіде тараған видеода ол Каспийдегі қайғылы жағдай туралы пікір білдірген.

“Естіген кезде “Аллаһу Акбар” дедім. “Қандай керемет өлім” дедім. Өйткені сахабалар аңсаған ғой. Мұсылмандардың бәрі жақсы біледі: Отанды қорғап жүріп, суға батып өлу деген “потолок”. Ол кәдімгідей батыр”. Қазір ата-ана, бауырларына қиын әрине. Бірақ өшпестей есімдері қалды”, – деді ол. 

Ол қаза тапқан әскери қызметкерлердің өлімін мақтанатын дүние деп айтөқан. 

"Қазір әке-шешесіне, бауырларына өте қиын. Бірақ бұл кәдімгідей өшпейтін ат атанды ғой. Шын мәнінде батыр. Отанды қорғап жүріп, мұндай өлім – кәдімгі мұсылман адамдар аңсайтын өмір", – деді ол.

Сондай-ақ ол қаза болған сарбаздардың "шәһидтік дәрежеге" ие болатынын айтқан.

“Қазір бақа-шаяндар есірткі иіскеп, түнгі клубта бір-бірін өлтіріп жүр. Ал мынау мақтанатын зат. Өзім естігенде Алланы ұлықтадым. Ол “потолок өлім, пайғамбарлар дәрежесіндегі өлім. Олардың аты өлмейді. Нағыз батырлық”, – деп айтты ер адам. 

Желідегілер сынады

Алайда бұл мәлімдемелер әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан сынға ұшырады.

“Адасқандардың ертегісі , бұлар өз баласы өлсе де жыламайды. Себебі шахид болды деп ойлайды. Қайдағы соғыс көке? Бейбітшілік заман ғой бізде. Ертең үйленіп бір шаңырақтың иесі болатын азаматтар еді. Ата-аналары сонша жыл күткен үміттері еді. Мынау отырып алып бықсып отыр. Естеріңді жиіңдар! Қайдағы сахаба , айтарға сөз жоқ енді”, “Дереу құзырлы мекемелер Заң аясында тексеріс жасау керек. Біз зайырлы мемлекетпіз”, “Өзін әскерге шақыртып теңізде қатты толқын болып жатқан кезде үстіне 20 келі киімді кигізіп теңіздің ортасына апарып тастай салу керек. Сосын “рақат өліммен өл” деп айтқан жөн”, – деп жазды желідегілер.

Ер адам кешірім сұрады

Кейін азамат жаңа видео жариялап, алдыңғы сөздері үшін кешірім сұрады.

"Алдыңғы түсірген видеом қатты резонанс тудырды. Онда өткір сөздер, қате айтылған тұстар болды. Сол үшін баршаңыздан кешірім сұраймын”, – деді ол.

Ол қаза тапқан 14 әскери қызметкердің ата-аналарына көңіл айтып, қайғылы оқиғадан контент немесе хайп жасауды көздемегенін мәлімдеді.

“14 жауынгердің ата-аналарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қайғылы жағдай. Мен адамдардың қазасы арқылы контент немесе хайп жасау  туралы жаман ойым болған жоқ”, – деді ол.

Сонымен қатар ол желідегі кей парақшаларда видеосының үзінділері бұрмаланғанын айтты. 

“Күнә жасайтын адам болмайды деп айта алмаймын. Сүрінбейтін адам да болмайды. Баршаңыздан кешірім сұраймын. 14 жауынгердің ата-аналарына тағы да қайғырып көңіл айтамын”, – деді ол.

Істің мән-жайы

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметкер құтқарылды. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.

Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 12:34