Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова дзюдодан Азия ойындарының күміс жүлдесін еншіледі

Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті / Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова

Қазақстандық дзюдошылар Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова Аичи-Нагоядағы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов (60 кг) Аичи-Нагоя Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болды.

Қазақстандық балуан жарыс жолында оңтүстік кореялық Ли Харимді, моңғол Ариунболд Энхтайванды және жартылай финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Ян Юн-вэйді жеңді.

Алайда финалда жапониялық Хаято Кондодан жеңіліп қалды.

Ал Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Бұрымды дзюдошымыз 48 келіге дейінгі салмақтың финалында жапониялық Мицуки Кондомен кездесті. Осылайша, Жапония өкілі жеңіске жетті. Айта кетейік, Әбиба қатарынан екінші рет Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды. Бұған дейін ол Ханчжоу-2022 ойындарында күмістен алқа таққан еді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан Аичи-Нагоядағы Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен ол жартылай финалда филиппиндік Карло Пааламнан 3:2 есебімен жеңілді. Сабырханның жүлдесі бокстан Қазақстан құрамасының Азиададағы үшінші қоласы болды. Бұған дейін Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін) мен Наталья Богданова (75 келіге дейін) қола медаль иеленген еді.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 30 Қыркүйек, 2026 15:40