Алматыда екі танымал блогер 5 тәулікке қамалды
Ішкі істер министрлігі Алматыда екі танымал қазақстандық блогер әкімшілік жауапқа тартылып, 5 тәулікке қамауға алынғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері TikTok желісін мониторинг барысында екі жігіттің балағат сөздер мен әдепсіз сөз тіркестері қолданылған видеосын анықтаған. Авторлар видеоны әзіл-сықақ контент ретінде ұсынған.
Полиция видеодағы адамдардың кім екенін анықтады. Олар 25 жастағы Ибраим Стамбеков пен 21 жастағы Абай Абдыханов.
Сот шешімімен екеуі де кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, Ибраим Стамбековтің Instagram парақшасында 400 мыңнан астам, ал Абай Абдыхановтың парақшасында 110 мыңнан астам жазылушы бар.
ІІМ қоғамдық ақпарат кеңістігінде балағат сөздер мен қорлайтын сөздерді қолдану заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды. Полицияның айтуынша, контенттің әзіл ретінде ұсынылуы авторларды жауапкершіліктен босатпайды.
Еске салайық, бұған дейін тікелей эфирде боқтық сөз айтып, көрермен жинамақ болған TikTok стримерлері енді сот алдында жауап беріп жатыр. Ел бойынша 20-дан астам блогер мен стример әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбірі бірнеше тәулікке қамауға алынды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер көп лайк пен донат жинау үшін түрлі әрекеттерге барған. Қауіпті пранктер ұйымдастырып, балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді
