"Ақылыңды өз ұрпақтарына үгітте": Гүлзира Айдарбекова Роза коучтың сөзіне шүйлікті
Продюсер Гүлзира Айдарбекова танымал коуч Роза Әшірбаеваның келін мен ене арасындағы қарым-қатынасқа қатысты айтқан пікіріне қарсы ойын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, отбасында үлкенді сыйлау, бір-бірімен ақылдасу және жақындарыңа ескертіп жүру қалыпты нәрсе. Продюсер қазір жастардың сырттан айтылған кеңестерге тым көп мән беріп, өз ата-анасы мен отбасының пікірін кейінге ысырып бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді.
“Сұранса, бір жері кеміп қалады да, сұранбай кетсе, қарағайдай маңдайына мүйіз шығады ма екен? Жастар онсыз да үміт артып, өсіріп отырған өз ата-анасын емес, осылай ақыл берушілерді тыңдап, өзгеріп кетті. Үлкенді құрметтеу жоғалып, бұлай азғыруға болмайды. Осындай ақылды өз ұрпақтарына үгіттеп бере бергені дұрыс-ау. Осыдан кейін отбасыларында қалай ауызбіршілік болсын?” – деді ол.
Айдарбекова өзінің де ене екенін айтып, отбасында келіндерімен еркін әрі ашық араласатынын мысалға келтірді.
“Мен де енемін. Келін маған айтпақ тұрмақ, менің өзім айтпай, ескертпей кетпеймін. Біздер бір отбасы емеспіз бе? Кейде келіндеріммен ақылдасамын: “Не киемін, не алып барсам болады?” – деп. Олар дереу сыйлыққа тапсырыс беріп, көмегі жаныма шуақ шашады. Содан кейін керемет көңіл күймен, “Осыларды бере салған Құдайға рақмет” деп шүкіршілігімді айтып, мәз болып үйден шығамын”, – деді продюсер.

Сондай-ақ ол ерлі-зайыптының бір-бірімен ақылдасып жүргенін дұрыс санайтынын атап өтті. Айтуынша, қандай да бір жағдай туындағанда адамның жанынан табылатын да – ең алдымен өз отбасы.
“Ал күйеуіңнен сұрансаң, не болыпты? Бір жағдай болып қалса, жүгіретіні де сол отбасың, күйеуің емес пе, әрине, Роза емес. Мен Розамен сыйласамын, бірақ мына сөзі денемді тітіркентті”, – деді Гүлзира Айдарбекова.
Продюсер келіндер мен аналарды сырттан айтылған кеңеске бірден ере бермей, ең алдымен өз отбасының жағдайын ескеруге шақырды.
“Құрметті аналар, келіндер, біреудің емес, өз ақылдарыңызбен, білсеңіз, өз анаңызбен... Сіз жақсы болыңыз, жаман болыңыз, өсектен ажырамай отырған өз енеңіз – ол да сіздің анаңыз. Сіз оның өмірін жалғастырып, сол әулеттің ұрпағымен сусындап отырсыз. Сіздің нағыз жанашырыңыз – осы кісілер ғана. Ерегісті тоқтатып, менмендікті, өзімшілдікті тоқтатып, тек жақсы ойлармен, ол кісілерге деген мейіріммен өмір сүріп көріңізші. Жолыңыз ашық, өміріңіз керемет, табысыңыз берекесімен болады”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Гүлзира Айдарбекова келіні Жұлдызды өнерге қалай жетелегенін айтқаны хабарланған еді.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді