Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған "Золотая женщина" лақап атымен танылған стример емдеуге жатқызылды

Тиктокер Лайло Қасымова
Фото: Видеодан скриншот

Жамбыл облысында TikTok әлеуметтік желісінде “Золотая женщина” лақап атымен танылған 41 жастағы Лайло Қасымова психикалық денсаулық орталығына жатқызылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Байзақ ауданының тұрғыны бұған дейін тікелей эфир кезінде балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Оған бірнеше мәрте ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, әйел мұндай әрекеттерін тоқтатпаған. Сонымен қатар ол кәмелетке толмаған балаларына қатысты да әдепсіз сөздер айтқан.

Осыдан кейін полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен өзге де мүдделі қызметтер балалардың тұрмыс жағдайы мен тәрбиесіне тексеру жүргізді.

Қазір балалар әкесінің қарауында.

Ал Лайло Қасымова жедел жәрдем бригадасының тексеруінен кейін ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылған.

Еске салайық, бұған дейін TikTok-та лайк үшін шектен шыққан треш-стримерлер полицияның назарына іліккені хабарланған еді. Ел бойынша 20-дан астам блогер мен стример әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбірі бірнеше тәулікке қамауға алынды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, блогерлер көп лайк пен  донат жинау үшін түрлі әрекеттерге барған. Қауіпті пранктер ұйымдастырып, балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен.

  • Шымкент қаласының 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok желісіндегі тікелей эфир барысында бейәдеп сөздер қолданған. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. 
  • Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны Гүлмира Қасенова TikTok-тағы тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан.

Одан бөлек өзге де блогерлерге айыппұл салынған.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 10 Тамыз, 2026 17:56