Алматыда 4 қазаннан бастап автотұраққа жаңа тарифтер енгізіледі: Жүргізушілер қанша төлейді
Алматыда 4 қазаннан бастап коммуналдық ақылы тұрақтардың тарифі өзгереді. Енді тұрақ ақысы орналасқан жердегі көлік жүктемесіне қарай сағатына 100, 150 және 200 теңге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда 4 қазаннан бастап коммуналдық ақылы автотұрақтарға жаңа, сараланған тариф енгізіледі. Төлем мөлшері көлік қозғалысының қарқындылығы мен тұрақ орындарына сұранысқа қарай белгіленеді.
Жаңа тарифтер:
- Сағатына 100 теңге – көлік жүктемесі төмен аумақтарда;
- Сағатына 150 теңге – орташа жүктемелі аймақтарда;
- Сағатына 200 теңге – көлік көп жүретін және тұрақ орындары тапшы жерлерде.
Әкімдік мәліметінше, қазіргі 100 теңгелік тариф 2016 жылдан бері өзгермеген.
"10 жылда қаладағы көлік саны 1 миллионнан асып, көше-жол желісі мен автотұрақтарға түсетін жүктемені айтарлықтай арттырды. Ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мақсаты – бос тұрақ орындарының қолжетімділігін қамтамасыз ету және қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау. Қазір жүргізушілер тұрақ іздеуге көп уақыт жұмсайды. Бұл жолдарға түсетін қосымша жүктемеге алып келеді", – делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар, ақылы тұрақтар маңындағы үйлердің тұрғындары үшін бір көлікке тегін тұрақ қою мүмкіндігі сақталады. Ол үшін арнайы рұқсат рәсімдеу қажет. Жекелеген санаттарға арналған жеңілдіктер де қолданыста қалады.
Еске салайық, бұған дейін Медеу мен Шымбұлақтағы автотұрақ ақысы сағатына 500 теңге болған. Яғни көлігін 12 сағатқа қойған азамат 6 мың теңге, ал 24 сағатқа қалдырған жағдайда 12 мың теңге төлеген. Бұл ретте алғашқы 15 минут тегін уақыт қарастырылмаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияның бұл әрекетіндегі монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтаған. 1 қыркүйектен бастап алғашқы 15 минут тегін болды, ал автокөлікті тәулігіне қоюдың ең жоғары құны 4 500 теңгеден аспайтын деңгейде белгіленді. Осылайша, тәуліктік тұрақ ақысы 12 мың теңгеден 4,5 мың теңгеге дейін төмендеді.
Бөтен тойға кіріп, тамақтанып кеткен: Шақыртусыз қонақтар қазақстандықтардың ашуына тиді
