Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алғашқы 15 минут тегін: Медеу мен Шымбұлақта автотұрақ ережесі өзгерді

Медеу
Фото: depositphotos.com/4eX

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті "Chimbulak Development" ЖШС-нен монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Агенттік жүргізген тексеріс барысында компанияның автотұрақ үшін бірыңғай тариф бекітіп, сағатына 500 теңге деп белгілегені анықталды. Сонымен қатар тегін тұрақ уақыты қарастырылмаған, ал ақы есептеу кезінде көліктің тұрақта нақты тұрған уақыты ескерілмеген.

Агенттік өкілдері сол аумақтағы өзге де ұқсас нысандардағы талаптармен салыстырды. Талдау нәтижесінде көп жағдайда автокөлік тұрағының ақысы көліктің нақты тұрған уақытына қарай есептелетіні, ал алғашқы 15 минут тегін берілетіні анықталды.

“Мысалы, өз көлігімен Медеу және Шымбұлақ биік таулы курорттарына келетін азаматтар 12 сағаттық тұрақ үшін 6 мың теңге, ал 24 сағат үшін 12 мың теңге төлеген”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар төмен түскен кезде көлігін күтіп отырған азаматтар үшін тегін күту кезеңінің және баламалы автотұрақтардың болмауы қолайсыздық туғызған.

Агенттік "Chimbulak Development" ЖШС-нің әрекеттері азаматтардың қоғамдық пайдаланудағы және табиғи-мәдени құндылықтарға жататын нысандарға қол жеткізуіне жасанды кедергі келтірді деген қорытындыға келді.

“Компания хабарламаны орындау аясында анықталған бұзушылық белгілерін жойды. 1 қыркүйектен бастап азаматтар үшін 15 минуттық тегін тұрақ уақыты белгіленеді, сондай-ақ автокөлікті тәулігіне қоюдың ең жоғары құны 4 500 теңгеден аспайтын мөлшерде шектелді. Бұл жалпыға бірдей қабылданған қалалық стандарттарға сәйкес келеді”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін алматылықтар енді үйінің маңындағы ақылы автотұрақтарды тегін пайдалана алатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 20:48